«О, ТӘҢІРІ,  ҚУАТ БЕРШІ ҚАЛАМҒА...»

Қазақстан телеарнасы

Бүгін Алаштың аяулы ұлы Жүрсін Ерман 73 жаста!

«О, ТӘҢІРІ,  ҚУАТ БЕРШІ ҚАЛАМҒА...»

«Бiздiң ауыл — жердiң түбiнде. Бiздiң ауылдың ар жағында жер де, ел де жоқ болуы мүмкiн», – дейдi Жүрсiн Ерман «Алматы мен Қоскөлдiң арасында» атты эссесiнде. Бiздiң бәрiмiз де өркениеттен өте алыс қазақ ауылында туып, өстiк. Ауыл — бiздiң Алаштың ғана емес, адамзат жырының алтын арнасы. Сергей Есениннiң күллi өлеңдерi қалың орыс орманының ақ қайыңдарынан тамыр тартады. Одан кейiн туған Рубцовтың да музасы — орыс деревнясы. Бiздiң Қасым: «Шықшы тауға, қарашы кең далама» деген! Бiреуi — Атырау, бiреуi — Алатау, ендi бiрi — Алтайдан шыққан Фариза, Сәкен (Иманасов) сынды аға-әпкем, Ұлықбек бауырларымды айтпағанда... Он жетi-он сегiз жасында шулы қалаға келiп, алды —жетпiс, арты — алпысты алқымдаса да, олардың бәрiнiң екi көзi — далада. Топырақтың киесi деген — осы. «Ей, Половецкий край! – дейдi орысша жазатын Олжастың өзi, – Ты табунами славен...»

Жүрсiн — Сарыарқаның Ұлытауынан. Мен — Қызыларай-Ақсораңнан едiм. Екеуiмiздiң өлеңдерiмiз өрiмдей жас кезiмiзде облыстық «Орталық Қазақстан» газетiне қатарласа, қапталдаса жарияланушы едi. Бiз бiр-бiрiмiздi 13-14 жасымыздан бiлемiз.

Бiрде оның өлеңдерi осы газетте Мақсұт Байсейiтов деген арқалы ақынның алғысөзiмен шықты.

Ендi бiрде — Жайық Бектұровтың жылы лебiзiмен...

Жарыса өлең жазатын Бағдат Мекей екеуiмiз Жүрсiннiң қалам сiлтесiне Қызыларайда жатып, мәз-мәйрам боламыз.

Жайық ақсақалдың көзiне бiздiң бәрiмiзден гөрi ерте түсiп, қазақтың жақсы-жайсаңының қолын бәрiмiзден бұрын ұстаған Жүрсiн Ерман келе-келе алшаң-алшаң басып жүретiн болды. Оның мұрты көкке шаншылып, шалықтай сөйлейтiн жөнi бар екен. Шыр етiп түскен топырағы – қазақ хандарын ақ киiзге орап, алтын таққа отырғызған Ұлытау. Осы Жүрсiннiң аузы дуалы бiр ағасы, академик Ғабдолла Құлқыбай марқұм: : «Беліндегі бес шоқыны білесің бе?-деуші еді—Көкшетау—сал-серілердің сандал төсі, Қарқаралы-Қызыларай—жер-дүниенің ғажабы; Шыңғыстау—Алла мен Абайдың бірлігі, Ұлытау—ұлттық ұлылығыңның кіңдігі!»-деушi едi.

Мұндай топырақтан не Азамат, не Ақын болып тумау мүмкiн емес те сияқты.

Түйеге мiнгенi төрт ауыз, ат үстiндегiсi алты ауыз өлең айтпаса көңiлi көншiмейтiн қазақтың Ақын туралы ой-талғамы дүниеге Абай келгеннен кейiн қатал тезге түскен. Пушкин оны Пайғамбар дәрежесiне көтерсе, сол Пушкиндi қазақ сахарасына жетектеп әкелген Абайдын өзi де Алаштың пiрiне айналған. Ақын дегенiмiз – пенделерден әлдеқайда биiк, Перiштеден сәл төмен, Тәңiрiнiң тiзесiнен келетiн тұлға болуы тиiс-тi. Ақындықтың адамзат қауымдастығындағы осынау тарихи миссиясын жан-тәнiмен түйсiнiп, азабына көнiп, ғажабына кенелгендердiң бiрi һәм бiрегейi менiң осы Жүрсiн бауырым.

«Күтiрлетiп белдеудi, Күнде тұлпар-жыр тарпып, Күмбiр-күмбiр кеудеден, Күбiр-күбiр сыр тартып; Құпиялы жыр-сезiм, Құйылатын шақ қандай. Бiр сөзiңнен бiр сөзiң, Асып түсiп жатқандай! Жүгiресiң шапқылап, естiртуге даусыңды. Судың бәрi — ақ бұлақ, шудың бәрi – ән сынды. Жан көрiнбей көзiңе, ой ойлайсың не түрлi, Қыздың бәрi өзiңе Құмартатын секiлдi. Өртесе өлең өзектi, Өзiңдiкi бұл қалам, Өлеңiң бар газеттi Оқитындай күллi адам. Таң қалмасқа – таң қалдық, Көз сүзбеске – көз сүздiк. Бұл не деген аңғалдық, бұл не деген – ессiздiк! Биiк ұста еңсенi, тасымасқа тасатын; Сағындым-ау, мен сенi, жайраңдаған жас ақын!». Бұл — Жүрсiннiң «Деушi едi бiздi жас ақын» деген өлеңi. Қандай шынайы! Ол — Ұлытауда, мен — Ақсораңда жүргенде тура осындай алып ұшқан асау сезiмдi бастан кешкенбiз. Қолына қалам ұстап, ала қағазға темiрген күллi шайырдың басындағы тағдыр бұл!

Ал мынау оның Ұлытауда жүрiп,13-14 жаста жазған өлеңi. «Орталық Қазақстанның» сол кездегi бiр санынан көзiмiзге түсiп, көкейде жатталып қалған. Содан берi қырық жыл өтсе де, ұмытылмапты: «Қарлығаш-балаң, қанаты талып құласа, Қуантпас, бiрақ, жан анам, сенi бұл аса; Қанатын созып құлайтын шығар сен жаққа, сонан соң ғана жылайтын шығар жыласа».

Ұлытауда туған баланың Ұлытауға деген лебiзi: «Ұлытаудың ұраны — ұлар, ұлар, Ұлары жоқ, бұл таудың мұнары бар. Ұлы таудың алдында ұяттымыз, Кiм ауырар ұяттан, кiм арылар?! Ұлытауға бардың ба? Ұлар қайда? Ұлы қайғың уылжып тұнар бойда. Ұры тiсiң секiлдi у сезiмiң Уын жайып уiлдеп тұрар ма ойда... Арқар ауып кеткен соң, ұлар ұшып, Қолға түспей қасқыр да қылар iшiк, Кiлең темiр құрсанған құрбыларым, Киiгiмен даланың жүр алысып. Ұлытаудың ұлары-ау, Ұлытаудың, Құлағыңа жете ме үнi таудың? Ұлар қашқан күндердi ұмыт, аулым, Ұнжырғасы түспесiн ұлы таудың! Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менiң, Ұран iлер басыңа бұлт iлмегiн. Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла, Бауыры бүтiн бар дейсiң бұл күнде кiм, Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менiң!». Кiндiк кесiп, кiр жуған жұртым менiң демейдi — Ұлтым менiң дейдi! Алақандай Ұлытауын Алашқа айналдырап жiберген!

Мынау — «Кейкi»: «Ғасырлар өтер, бәлкiм, кек суынар. Қылышын ұлдар «Кейкi» деп суырар. Ал менiң жүзiм қайдан жарқын болсын — кеудемде Кейкi ағамның өксiгi бар...».

«Кеңшiлiк Мырзабековтi Алматыдан аттандыруды» оқығанда бүгiнгi қазақ өлеңiнiң қандай биiкке бет алып бара жатқанына көзiң жеткендей болады: «Аттандырды соңғы рет елге сенi, Өзiң көрген Алматы сол кешегi. «Екi-ақ сағат iшiнде Торғайыңа жетедi!» – деп бiреулер жол кеседi. Сенiң жолың кешеден кесiлуде, Жатсың үнсiз табыттың бесiгiнде. Жiбергiсi келмей ме Алматыдан —Самолетi Торғайдың кешiгуде. Самолетi Торғайдың кешiгуде, Шешiнуге шамаң жоқ, көсiлуге. Мерт боп елге оралған жауынгердей, Сен жатырсың қу темiр бесiгiңде. Келмедiң бе, келдiң бе кемерiңе, Мiн тағар ма мұндарлар өлеңiңе. Мәңгiлiктiң мерт болып майданында, Қайтып бара жатырсың Сен елiңе. Мақсатына жеттiң бе, жетпедiң бе, Күн түсiре алдың ба көп көңiлге, Өмiрiмiз бар едi өткенiнде, Тағдырымыз жатыр ма кеткенiңде... Кейiме ендi досқа да, жарыңа да, Бiтер жерi ғұмырдың бәрi – нала. Жаяу-жалпы жетiп ең Алматыға, Ұшайын деп жатырсың, Сары бала! Бiр жұмбақ бар тағдырдың кесiмiнде, Ұшайын деп жатырсың бесiгiңде, Құшайын деп жатырсын мәңгiлiктi... Самолетi ғайыптың кешiгуде!».

Адам баласының арқасын шымырлататын бұдан өткен азалы өлең болмайды!

Осы бетте кете берсем, Жүрсiннiң тандамалысындағы шебердiң қолынан шыққандай жауһарларды шетiнен тiзе беруiм мүмкiн ғой. Соңғы өлеңiмен тоқтайын: «Жақсы сөзiн арнап жатыр жар маған, Жар дегенiм — жар ғана емес —бар ғалам. Бүгiн менiң туған күнiм, нешеге Келгенiмдi айтуға да арланам. Қыздың жолы секiлденiп жiңiшке, Өмiр таяп келе жатыр финишке. Тұлпар едiм — тұяғы жер тарпыған, Тұғыр болдым, жарамайтын мiнiске. Туған күнiм... Қатерлi күн бұл күн шын, Демейдi ешкiм топ жаратын дүлдүлсiң. Алғы сөздi жазған — Мақсұт Байсейiт, Соңғы сөздi кiм жазарын кiм бiлсiн...».

Оның қай өлеңiн оқысаңыз да, қамшының сабындай өмiрдiң көз алдында қырық құбылған құбылысы атойлай жөнеледi. Қаймана қазақ түгiлi, ормандай орысына да жақпаған Виссарион Белинскийдiң құдайдың зары ғып айтатын поэзия дегенi осы — көзiнен аққан жас немесе көмейден шыққан күлкi, тiзеңдi дiрiлдеткен қорқыныш, сартап болған сағыныш; төскейден көрiнген гүл, төбеңнен төгiлген нұр, көкiректен шыққан өксiк, көкейде қалған бейне ғой!

Жүрсiннiң «Таңдамалы 70 өлеңiн» осындағы көзiнен басқа ойы жоқ (Абай) көптеген қаламдастарымның 7 томына айырбастамас едiм! Өлеңшiге бәрiбiр: шөп те — өлең, шөңге де – өлең. Бәрiн ұйқасқа салып, ұрандата бередi. Оларда жамыраған сөз, жарқ-жұрқ еткен теңеу, шап-шұп еткен ұйқас дейсiң бе, «өлең техникасы» деген өлiктей суық ұғымға керектiң бәрi де бар. Бiр-ақ нәрсе – Поэзия жоқ қой!

Жүрсiн – кеңес өкiметi кезiнде қазан-ошақ, той-томалақтың қасында қалып бара жатқан Айтыс өнерiн ажал аузынан арашалап алған адам! Айтыстың арқасына аруақ бiткен кезең әлi есiмде. Коммунист дейтiн қызыл көздер төбеден тайраңдап, кеңес өкiметiнiң қайраңдап бара жатқан кезi. Төрде — қабағынан қар жауған Колбин, төменде — Қонысбай Әбiлов, Ерiк Асқаров, Баянғали Әлiмжанов, Әзiмбек Жанқұлиев, келмеске кеткелi тұрған анти-адамзаттық формацияның ит терiсiн басына қаптап жатқан кезең едi-ау!

Жүрсiннiң Айтысының жұлдызды сәттерi — бұл!

Ендi ол қайталана ма, қайталанбай ма?! Әй, қайдам...

 Жүрсiн Ерман – Айтыс арқылы аяқ-қолы кiсендеулi Алашын көкжиектен сұлбасы көрiне бастаған тәуелсiздiктi етек-жеңiн жинап, еңселi ел боп қарсы алуға дайындаған кiсi!

Сол кездегi айтыс ел арасында ұлан-асыр ұлттық-қоғамдық пiкiр туғызды. Адольф Янушкевичтiң ХIХ ғасырда айтқан айтыс туралы асқақ ойы сонда миымызға сарт ете түскен: «Айтыс басталды. Тылсым тыныштық қайтадан орнады. Олимп ойындарындағыдай-ақ екi ақын бiр-бiрiмен сайысқа түстi. Бiрi шумақпен атқылай бастаса, екiншiсi дереу жауап қайтарады: бiрiншiсi батыл шабуылдайды, екiншiсi шебер қорғанады. Екеуi де қыза-қыза айтысты қатты шиеленiстiрдi. Орынбай домбырасын қағып-қағып жiберiп, дүниенiң басы — Адам Ата мен Хауа Анадан түсiп, мына отырған сұлтандарға тағзым еткендей, аты шыққан арғы аталардың әрқайсысын бiр-бiр көтерiп тастады. Содан Нұх кемесiне мiнiп, топан судан өттi де, Арараттың биiгiнен бүкiл Iнжiл тарихын шолып өттi. Жолшыбай барлық оқиғаларды, тiптi Вавилонның Навуходоноссорын да, Египеттiң перғауындарын да қалдырмай сүзiп шықты. Сағат бойы толассыз жырлап, Ниагара сарқырамасындай арындап келiп, ақыры ол аман-сау Мұхаммедтiң өзiне де жеттi-ау! Соңғы он ғасырды құшағына алып дауылдатқан бұл жыр ислам қаһармандарының басынан құйылып, бүкiл қазақ даласына толықси жайылар ма едi... Жоқ! Меккеден жаңа шыға берген кезде бiздiң жезтаңдай әншiнiң домбырасының iшегi үзiлдi. Өзiм ойға қалдым. Осының бәрiн мен дүниежүзi тағы және жабайы санайтын далада көшiп жүретiн халықтың ортасында өз құлағыммен тыңдадым ғой! Бұдан бiр неше күн бұрын өзара жауласқан екi партияның арасындағы қақтығыстың куәсi болған едiм. Сонда Демосфен мен Цицерон туралы ғұмыры есiтпеген шешендерге таң қалып, қол соққанмын. Ал бүгiн, оқи да жаза да бiлмейтiн ақындар менiң алдымда өнерлерiн жайып салды. Олардың жыры жаныма жылы тиiп, жүрегiмнiң қылын қозғады, сонысымен тәнтi еттi... Имандай сырым! Тәңiрiм бойына осыншама қабiлет дарытқан халық цивилизацияға жат болып қалуы мүмкiн емес, оның рухы қазақ даласында аспандай көтерiлiп, жарқырап сәуле шашатын болады! Сормаңдай құл-құтандарды менсiнбейтiн Үндiстанның жоғары касталары сықылды, өзiне жоғарыдан қарайтын халықтар арасынан бұл көшпелiлердiң де құрметтi орын алатын кезi келедi!» (А.Янушкевич, «Күнделiктер мен хаттар», 82-85-беттер).

Дәл осы Янушкевичтi тәнтi қылған қазақтың айтысын аман алып қалып, өркениет өрiне алып шықса, Алла Алашты жарылқамай қоймайды! Өйткенi, бүгiнде кешегi дала демократиясының бiзде қалған жар дегендегi жалғыз бөлшегi – осы.

Өкiнiшке қарай – осы ғана!

Айтыс өнерi қайта атойлап теледидарға шыққанда Мұхамеджан Тазабековтың аузынан түсе қалған мына iнжу-маржандар кiмдi бей-жай қалдырады:«Жарамас iзгi өнердi жандандырмай, Айтыстың ауылында шам жандырмай. Ассалаумағалейкүм, абзал елiм, артына сөз қалдырған — мал қалдырмай! Мейрiмiңдi көрiп мен иiлемiн, Меккеге жетi ай жүрiп барған құлдай, Иманды сөзiм сiңсiн жүрегiңе, Әулиеге әуеден тамған нұрдай. Көптiң көңiлiн қалдырған жан емеспiн, Шөптiң шөлiн қандырған ақ жаңбырдай; Салмақтап салиқалы сөз тастайын, сарымайдан суырып алған қылдай, Алладан жәрдем тiлеп сөз бастадым, Намаздан жаңылмаған нар Жамбылдай!». Ақ қағазға алаңсыз телмiретiн бiздiң де қаламымызға iлiге қоймайтын төгiлген әуен,өрiлген өрiм, Әсеттiң Кемпiрбаймен бақылдасуымен үндесетiн осынау ыршыған ырғақтар маған сол кезде өлеңдегi соны бiр құбылыстай көрiнiп едi...

Кейiн Мұхамеджан дiндi ұстанып кеттi де, оның айтыстағы орны ойсырап қалды. Әлi үңiрейiп тұр!

Жүрсiн халықаралық айтыс та өткiзген. Дүниеге тарыдай тарап кеткен қазақ теңiздей бiр тебiренiп едi сонда!

Жүрсiн Ерманның «Құлмамбеттiң құлыны» деген бiр толғауын осыдан бiраз жыл бұрын егiлiп оқығаным бүгiн есiме түсiп отыр. Жүрсiн онда бiр айтыста сүрiнiп кеткен Оразалының аудиотаспасын тауып алып, одан небiр маржан шумақтар көрiп, мәз-мәйрам болғанын есiне алады. Ертеңiне қазылар алқасымен «айтысып», оны аламанға қайта қосады. Осы Оразалы опат болғанда жерлейтiн жер таба алмай, тентiреп жүрiп, оған туыс болып келетiн бiр кейуананың сол қаралы хабар келген күнi қаннен қаперсiз кiр жуып жатқанының үстiнен түседi!

Осыны оқып, «Жүрсiннiң де көрмегенi жоқ екен-ау!» – деп ойладым мен: «Оразалы! Қаңғыған оқтан болар бөрi ажалы. Сенi де қинар ма екен көр азабы?! Сенiң үйiң үйлердiң шеткiсi едi, Түнгi мейман шеткi үйге кеп түседi. Домбыраңды әлдилеп жүргенiңде, Домбыраңның үзiлiп кеттi iшегi... Сөзден соғам деп жүрiп зор мұнара, Сорың қайнап қалдың-ау, сорлы бала! Талантты өзi жаратып, Тәңiрiмiз, сол таланттың алдынан тор құра ма?! Тартып туса тегiнен сұңқарға асыл, Тура келген тағдырдан бұлтармас ұл. Шаң қаптырып кеттi ме қапияда, Тақымыңнан бұлт етiп тұлпар ғасыр?! Ай, Ораз-ай, Ораз-ай, Ораз ақын! Заманада бөрi арып, ер азатын, Тiк көтерiп төбеңе талантынды, Түсiрмеп ең төменге төре затын. Амандықпен, адаммен араз ғасыр, Айтпайтынын бiлiп ек Оразға сыр. Өзiме-өзiм дұға оқып отырғандай, Көздiң жасы тамады қағазға сұр... Айырықша естiлген әуелде үнi, Алты Алашқа танымал, әуендi iнi. Қош бол ендi, тәуелсiз қағанаттың, тауқыметке туғаннан тәуелдi ұлы!».

Мұндай жырды айтысты ғана емес, Алашын жан-тәнiмен сүйетiн Ақын ғана жаза алады!

«Мерген уақыттың қарауылына iлiккен айтыс сарбаздары саптан шығып қалып жатыр» – деп боздайды ақын Жүрсiн, таудай азамат Жүрсiн, – Ең әуелi «идигай-лап» келiп бiр-ақ күнде бәрiмiздi тәнтi еткен Жандарбек Бегiмбетов кiсi қолынан қаза тапты! Атаңа нәлет, қай қаныпезердiң өлiмге қиып жiбергенiн бiлген кiсi жоқ. Сосын, Көкшетау мен Астананың арасындағы қара жолда Ерiк Асқаровтың арбасы қирады. 80-жылдардың ортасында Алаш баласын ақиқатқа ұйытқан ақперен ақын сол едi. Одан соң Әзiмбек Жанқұлиевтың туы жығылды...».

Қасымның 90 жылдығында Жүрсiн екеумiз Қарқаралыда бiр бөлмеде құшақтасып жатып, түндi таңға ұрып, қазiргi қазақ жыры хақында сырласып едiк. «Айтыскерлерге бiр машина берсендер, бiздiң жинағымызға екi машина берiңдер!» деген Қадыр Мырза-Әлiнiң қанатты сөзiне екеумiз де iшек-сiлемiз қатып күлдiк. Мен оған айтысқа қатысты өкпе-назымды төгiп салдым.  Янушкевич айтатын айтыстың ажары солғындап бара жатқанын айтқам.

— Осыдан Алматыға бара сала мүшәйра өткiземiн! – дедi Жүрсiн мағымұрланып.

Кейiн менiң сондағы Жүрсiнге айтқан назым Нұртiлеу Иманғалидың «Бетпе-бет» бағдарламасы арқылы республикалық теледидарға шықты. Әрине, Жүрсiннiң қолқа салуымен. Содан «Ақсұңқарұлы – айтысқа қарсы» деген сөз тарап кеттi.

Оған да он жыл болып қалды...

Былтыр Қарағандыдағы бiр қонақасыда Қоялы Аяпбергенов деген профессор ағаммен жолығып қалдым. Ол кiсiмен де көрiспегенiмiзге он шақты жылдың мұғдары болған екен. Алаш мұраты десе iшкен асын жерге қоятын адам. Өзi бұрынғыдай ашық-жарқын емес. Қабағы салыңқы. Әңгiмемiз жараспай, бiраз үнсiз тұрдық. Бiр сылтау айтып, сытылып кетiп бара жатыр едiм:

— Әй, Серiк! – дедi ағам. Түсi бұрынғыдан да суып барады, — Мен сенi жақсы көрушi едiм, – дедi сонан бiраз күрсiнiп тұрып, — Осы сенiң айтыста нең бар?! Соның түбiне жеткен сен деп жүр ғой жұрт?!

Зәрем ұшып кеттi:

— Ақсақал-ау! – дедiм жанұшырып, — Айтыста менiң қандай хақым бар?! Алаштың айтулы өнерiне тыйым салатындай мен кiм едiм?!!

Ағам терiс бұрылып кетiп қалды.

Менiңше, менi кiнәлап барады...

Құдай-ау, қазаққа қатысы бар дүниеге қарсы бiрдеңе айтуға мүлде болмайды екен ғой?! Бұл сөздi айтыстың киесi барына көзi жеткен адам айтып отыр – имандай шыным!

Сол жылдың күзiнде Жүрсiн уәдесiнде тұрып, Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 10 жылдығына арналған халықаралық мүшәйра өткiздi. Оның шығынын да өзi көтерiп алды. Сол кезде оның өзiнiң де шекесi шылқып жүрген жоқ-ты.

Жүрсiннiң «Бiр өлең — бiр әлем» атты мүшәйрасы қазақ поэзиясының босағада қалып бара жатқан басын төрге бiр шығарып кеттi!

Оған бiрақ бәйге алатын ақындар ғана келiп, бәйгесiн алып кеткен немесе одан күдерiн үзген ақындар келмей қойды...

Сонда Өмiрзақ Сәрсенов, Амангелдi Ермегияев сынды меценаттардың бiреуi:

— Жүрсiн-ау, ақындардың мұнысы несi?! Мен бұларға айлық төлеп жүргем жоқ. Бәйге берiп жатқан жоқпын ба?! – дептi...

Ел ерге қарайды. Жүрсiн сол күнi жерге қараған болуы керек!

«Бiр өлең — бiр әлем» содан кейiн «көрген түскi сағымдай» болды.

Жүрсiн Ерман – қазақ руханиятындағы саусақпен санарлықтай реформаторлардың бiрi! Қара танымаған көшпелiлердiң көкiрегiнде сарқырап қайнап, өзегiне өрт боп түсiп, өмiр сүру тәсiлiне айналған Айтыс жаһандану заманында осы Жүрсiн Ерманның шыр-пыр болуымен қайтадан атқа қонды! Орыстар мұндай тұлғаларды «Подвижник нации» дейдi. Қазақша баламасын таба алмай отырмын. Образға орап айтқанда, өзiнiң қу қарақан басына қарамай, ұлты мен ұлысын ғана ойлайтын азамат дегенге келiңкiрейдi. Олар атақты Третьяков галереясын ашқан көпесiнен бастап, сутегi бомбасын жасап, кейiн өз iсiне өзi өкiнген диссидент, академик Сахаровты, тiптi, орыстың халық хорын құрған хормейстрiне дейiн осылай атайды.

Айтысты аман алып қалған Жүрсiн Ерманның есiмi де қазақ үшiн осындай тұлғалардың қатарында тұруға тиiс!

Өткен ғасырдың 60-жылдары облыстық газетке Арқаның екi шоқысы Ұлытау мен Қызыларайдан жарыса өлең жiберiп, пошта таситын «Ан-2»-нiң дүр өткен дауысына елеңдеп жүретiн сол екi баланың бiреуi, егiздiң сыңары Жүрсiн Ерман да бүгiн алпысқа аяқ артып отыр.

«О, Тәңiрiм! Қуат бершi қаламға! – дейдi ол көмейiнен жыр төгерде Жаратқан Жалғыз Иеден медет сұрайтын Жамбыл бабасына ұқсап.

Тәңiрi оның сұрағанын бердi.

Жамбыл жүзге келген.

Туасы соның мұңын – мұңдап, жырын — жырлап жүргендердiң бiреуi осы ғой. Қолына домбыра ұстаған жыраудың жасына қалам ұстағандардын бiреуi жетер болса, осы Жүрсiн жетуге тиiс!

 

Серік Ақсұңқар

12.02.24