Сау келеді...

https://bilim-all.kz/article/1564-Saukele

Тақырыпқа қарап, әңгіме  "Арақ-шарапқа жақын адам жайлы екен", деп қалмаңыздар. Қазақ қызының ұзатылғанда басына киетін сәукелесі жайлы. Атауының шығу тарихын баяндамақпыз.

Сәукеле – ұзатылған  қыз киетін аса қымбат, бағалы, кәделі әрі әсем бас киім. Сәукеле 2-3 қарыстай биік, ол дөңгелек төбе жағына қарай жіңішкере береді. Жоғарғы жағына үкі тағылады. Сәукеленің өн бойы қымбат маталармен қапталып, оның сыртына алтын, күміс, інжу-маржан, меруерт, лағыл сияқты асыл тастардан жасалған моншақтар тағылады, түрлі-түсті қымбат жіптермен тігіледі, безендіріледі.  Матасына әшекей, шашақ, оқа тағылып, жиегіне бұлғын, құндыз терілерінен жұрын ұсталады. Бастан қисайып немесе түсіп кетпеу үшін тамақтан өткізетін бау тағылады. Екі құлақ тұсына омырауға жететін құлақша тоқылады. Сәукеленің артқы жағына ұзындығы жерге жететіндей ақ желең тағылады.

Сәукелені ұзатылған қыз өз елінен күйеуінің еліне барғанша ғана киген. Одан кейін кимейтін болған. Сонымен, оның неліктен сәукеле аталатынын білесіздер ме? "Неге Бәукеле емес, неге сәукеле?", деген ой мазаламады ма? 
Жоғарыда атап өткеніміздей сәукеле ұзатылған қыздың қайын жұртына жеткенше киіп баратын бас киімі. Бұл бас киімді қыз бір-ақ рет киетін болған. Жолдың ұзақтығына байланысты үш күн не болмаса он күн деп кесіп айта алмаймыз)))).Әйтеуір бір-ақ рет киетіні ақиқат. Қыз әкесі бай болса бір сәукеле үшін қырық қысырақтың құнын беріп те жасататын болған екен. Сондықтан да бұл бас киімнің әдемілігі мен қымбаттығын қатар елестете беріңіз. Міне, осындай Сәукелені қолға түсіру мақсатында жол торитын қарақшылар сол замандарда да бар еді. Ал, келінді күтіп отырған ауылдың балалары қозы көш жерден таймен күтіп алып, адамдардың, сәукеленің амандығын көріп (бұл жерде адам амандығы бірінші орында тұр,қарақшылар пышақ тіреп сәукелені ғана алып кетпеген. Шағын ғана күйеу һәм қалыңдық тобының адамдарын шығындап, кейде бәрін қырып кететін кездерде болған) «Сау келеді, сау келеді»-лесіп ауылға қарай шабатын болған деседі.

XIX ғасырдың алғашқы жартысында Кіші жүздің Байсақал атты байы мен Орта жүздің Сапақ байы құда болыпты. Байсақал құдаларына қыздың сәукелесін жіберіп: “Басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсе болды”- депті. Сонда Кенесарының ағасы Саржан төре: “Бұл сәукеленің бағасы бес жүз байтал болады екен, сондықтан қызының малы бес жүз жылқы болсын”- деп кескен екен. (Бұл дерек ғалым, этнограф  Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбегінен алынған.)