Сырттан

https://sun9-81.userapi.com/impf/c850432/v850432571/12250b/d9ZP7k2nyfs.jpg?size=604x340&quality=96&sign=cc06d5e8af148c144964957f6dc75c50&type=album

«Ел іші – өнер кеніші» деген мақалдың шындығына ел аралаған сайын көзім жете түседі.  Ауылдық жерлерде таңды таңға ұрып әңгіме айтатын кісілер әлі де жеткілікті. Тек, оларды дәл таба біліп,  тетігін дәл баса білсең болғаны. Даланың дархан шалдарының жұрнағын көріп қалған  осындай адамдармен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Мұхамедия Төлеуханұлы осындай санаулы адамдардың бірі. Ендігі сөзді  Мұқаңның ауызымен айтсақ.

«Қазақта  «Сырттан» деген тамаша сөз бар. Қасқырдың сырттаны, иттің сырттаны, жігіттің сырттаны екен деген теңеулерді әредік әңгімелерден естіп қаламыз. Мен саған сырттандар жайлы бір-екі әңгімені айтып берейін. Бірінші естелігім қасқырдың сырттаны мен жылқының сырттаны жайлы болсын. Жылқыда сырттан болмайды дерсіңдер. Арғымақ десең де, сәйгүлік десең де жарасатын аттар болады ғой. Қазіргі әңгімеме арқау болатын жылқы да сондай сирек жануардың бірі жайлы.

Атам марқұмнан естіген әңгімемді айтайын. Атам жас кезінде нағашыларына Қаракесек Қозыбақ жұртына қонаққа барыпты. Жас болғанда да 12-13 жасар кезі болса керек. Бірнеше күн жиендік құырып, сол елде дамылдап жатыпты. Нағашылары «Жиен, қайтар күнің жақындап қалды. Не қалайсың?» деп  сұрастыра бастапты. Атам нағашыларының жүйрік күрең атына көзі түскенін айтады. Бұл күрең бір рулы елдің бағына біткен, маңдай алды жүйрік болса керек. Ол жақтың да сән-салтанатын келістіріп жүргісі келетін жастары бар. «Жиен күреңді көздеп жүр екен» деген әңгімені естіген олар бұл таңдауды жақтырмай қалыпты. «Бермейміз күреңді. Жиен болса не болыпты? Қайдағы бір боқмұрын балаға Күреңді беріп жіберіп қарап отырамыз ба? Алсын ана көк айғырды, қарагерді үйірімен қоса алсын» дегендей сөздер айтыпты. Ол кездің үлкендері дәстүрге, салтқа берік қой. «Жиеннің наласы жаман болады» деген сөзден қорыққан нағашысы жиеніне Күрең атты берудің амалын іздей бастайды. Арада екі-үш күн өткенде жиеніне тақалып «Балам, бүгін түнде ел түгел ұйқыға кетті-ау деген тұста Күреңді мін де қаш. Қусаң жететін, қашсаң құтылатын жануар ғой. Қидым саған Күреңді» дейді. Содан атам түн ортасында белдеуде тұрған Күреңді мініп, ауыл иттерін шулатпай жай ғана аяңдап ауылдан ұзаңқырап барып, өз ауылын бетке алып тұра шабады. Сол күні ай жарық болса керек. Таудың асуына кіре бере алдымнан қып-қызыл екі шоқ көрінді деп атам марқұм бұл әңгіменің майын тамызтып отырып айтушы еді. Содан, әлгі шоқ жақындай түседі. Астындағы аты да осқырына бастайды. Сол кезде атамның есіне үлкендер айтып отыратын қасқырдың сырттаны жайлы әңгіме түсе кетіпті. Қасқырдың сырттаны анау-мынау аттылыдан қорықпайтын, қажет деп тапса ат үстіндегі адамын аударып тастап, атын жарып кетеді деп үлкендер талай мәрте айтып отырғанын естіген бала тауды қиыстай шаба жөнеледі. Шоқты жанамалап өте бергенде байқадым. Тайыншадай дәу қасқыр екен. Ол да  көлденеңдеп тұра қуды дейді. Күреңге қамшыны баса бергенім есімде, қасқыр қуып келеді ме, қалып қойды ма білмеймін, таң қылаң бергенде ауылға жете бере есімді жидым деп атам марқұм айтып отыратын.

 Омар деген әкеміз болыпты.  Кәдімгі күйші Сайдалы Сары Тоқаның аталас туысқаны. Екеуі немере туыс. Сол Омар әкеміз жасында құрығы жоқ, сойылы жоқ, жәй ғана қамшымен келе жатқан ғой. Ол кезде аң да , адам да, жылқы да ұсақталмаған кез ғой. Омкеңнің отыз-отыз бестегі кезі болса керек. Алдынан тайыншадай дәу қасқыр кезіге кетіпті. Алдынан шыға келген адамнан ол жарықтық та ықпай, ырылдаған күйі атылған екен. Омкең де қасқырды құлағынан ұстаған күйі аттан қасқырмен қоса ұмар-жұмар құлап түсіпті. Содан саптамасынан кездігін суырып алайын десе қолы қасқырдың құлағында қарысып қалса керек. Не істемек керек? Бұлай жата берсе қасқыр күш ала бермек.Қасқырды бар күшімен өзіне қарай тарта бастайды. Сөйтіп, қасқырдың қара тұмсығы ауызына жақындады-ау деген кезде «қырш» еткізтіп тістеп, тұмсығының терісін тісімен сыпырып алып, қансыратып  өлтірген екен. Бұл жігіттің сырттандығы ғой.

Бекеш деген әкеміздің ауызынан естіген әңгімемді айтайын. Ол кісілер Қытай жақтан алпысыншы жылдары келді ғой. Оқиға Қытайда болған. Бекеңнің палуан досы болған екен. Бір күні тауда әлгі досы аюмен кезігіп қалады. Аю адамнан қашпастан, тұра ұмтылып екеуі сол жерде алыса кетеді. Абырой болғанда қалың киімнен тырнақтары өте қоймапты. Аюды алысып жеңбесін білген жігіт өтірік өлген кейіп таныта қалады. Адамды өлді деп ойлаған мақұлық жемтігін аяғынан сүйреп жарқабаққа қарай жақындай береді. Аю әбден құздың шетіне жақындады-ау дегенде әлгі жігіт ышқынып тұрып бар күшімен қосаяқтап теуіп жібереді. Сөйтіп, үлкен аюды жардан құлатып, өзі аман-сау қалған екен. Бұл да болса біздің жігіттердің  күшпен қоса әдіс-айланы меңгергендігін білдірсе керек.