Тексіз

ашық дереккөз

 

(Генетиқалық өлең)

Мынау бір тексіз – сараң Һәм топас, тантық бір,

Абайға қарап, тұяғын атша тарпып тұр.

Алладан кейін өзі болған соң – асқақ ол,

Алаштан күллі алапатымен артық –

Бұл!

Бура-Көк Доллар көбігін көзге бүркіп бір –

Өлең де елден үркіп тұр.

Әйелден-дағы жұпардың иісі аңқымай,

Ақшаның иісі, басқаның иісі...

Мүңкіп тұр!

Шешесі--жәләп, әкесі-- тексіз шата бір,

Басымен барып батпаққа батқан бақа бұл:

Жеті атасынан жетесіз осы тұқымнаң,

Тумаған қалай бір ақын, не--бір баһадүр?!.

Ақтау да, әне, шалынып әрең тұр көзге.

Каспийді кезіп жүр ме екен мендей бір кезбе?

Аққудан-дағы ақшаның иісі шыға ма?!

...Гәккудің иісі шығатын еді-ау – бір кезде!

Ақсораң деген шың ғана ма екен,–

Құрлық қой –

Әлихан туған--Құдайға мәңгі құлдық қой!

Қазақтың иісі шығатын Қарқаралыдан –

Ақшаның иісі шығады!

Мынау – сұмдық қой!!!

Ал, мырзам, кел де, алшаңда, ай-хой, алшаңда!

Алдыңда сенің ақжол ғой қайда барсаң да.

...Астанадан да ақшаның иісі шығады.

Алаштың иісі қай жаққа кеткен, ал, сонда?!

Күн шығып күліп, дүние көзін жаңа ашқан.

Ақысын төле, нөсерлеп берсің қара аспан?

Түріктің арын қорғаған қызғыш құстайын,

Рухтың иісі аңқып-ақ тұр ғой – «Манастан»?!.*

Ақшаның иісі шығады неге Алаштан?!.

*Қырғыздың халық эпосы.

 

Серік Ақсұңқар