Жас кәсіпкерлер Қарағанды облысы әкімінің грантын алды

Қарағанды облысының әкімдігінің сайты

Қарағанды облысында 50 жас кәсіпкер бизнесін кеңейтуге мүмкіндік алды. Олардың бизнес-идеялары Қарағанды облысы әкімінің жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға арналған гранттар байқауында жеңіске жетті.

Конкурсқа қатысуға 300 өтінім берілді. Арнайы комиссия ең өзекті 50 бизнес-жобаны таңдап алды. Жеңімпаздардың әрқайсына 2 млн теңгеден берілді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы кезінде бизнесін жаңа бастаған және жұмыс істеп жатқан жас кәсіпкерлерге алғашқы 10 грантты табыс етті.

Облыс жастары металл конструкциялар мен жиһаз өндірісінен бастап медициналық, білім беру және құрылыс қызметтерін көрсетуге дейінгі түрлі салаларда өздерін сынап көреді.

Осакаров ауданының тұрғыны Мейремхан Төлеубай атасынан ұлттық музыкалық аспаптар жасау шеберлігін игерген. Грантқа жас кәсіпкер қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, болашақта шеберхана ашпақшы. Әзірге Мейремхан үйіне жапсарлас салынған бөлмеде жұмыс істейді.

– Менің басты мақсатым – ұлттық қолөнерді дамыту. Ежелгі заманнан бері қазақтар музыкалық аспаптар, ыдыс-аяқ, кәдесыйлар, сандықтар және т.б. жасаумен айналысқан. Маған үш домбыра жасау үшін бір ай қажет. Станоктардың көмегімен дәл осы мерзімде 10 музыкалық аспап жасауға болады. Мен ағаш өңдеу жабдықтарын сатып алуға ақша жұмсаймын, киім тігумен де айналысамын, сондықтан тігін машинасы қажет. Грант маған өз мамандығымды дамытуға мүмкіндік береді, – дейді Мейремхан Төлеубай.

Нұра кентінің тумасы Шыңғыс Қадырбаев төрт ай бұрын кір сабын шығаратын цех ашты. Жаңадан бастаған кәсіпкердің айтуынша, оның жуғыш заты сапасы жағынан ТМД елдеріндегі өнімнен кем түспейді, жәнеде олардан әлдеқайда арзан. Сабын Қарағанды және Ақмола облыстарында сұранысқа ие.

– Әкем маған осындай бизнеспен айналысуға кеңес берді. Бізде тұрмыстық химия дүкені бар. Біз барлық шетелдік өнімдердің қалай бағаланатынын көреміз. Неліктен кір сабынды өзімізге жасамасқа деп ойладық, өйткені бұл күнделікті тұтыну өнімі. Нарықты зерттеп, цех сала бастадық. Содан кейін мен несие алып, жабдық сатып алдым. Жұмыспен қамту орталығы арқылы екі адамды жұмысқа орналастырдым. Грант қаражатын өз бизнесімді кеңейтуге жұмсаймын, қосымша станоктар сатып аламын, – дейді Шыңғыс Қадырбаев.

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жас кәсіпкерлерге сәттілік тіледі.