32 команда қатысқан пікірсайыс турнирі өтті

ЖРО

Жуырда Бұқар Жырау Қалқаманұлының 355-жылдығына арналған аймақтық пікірсайыс турнирі өтті.

Жас буынның арасында кеңінен тараған дебат қозғалысы қазіргі таңда жастардың өз ойын ашық жеткізетін еркіндік алаңына айналып отыр. Еліміздің ертеңіне бейжай қарамайтын, ұлтжанды азаматтар үшін дебат – даму мен өсудің, тұлға болып қалыптасудың ортасы.

Қарағанды облысының жастары арасында пікірсайыс қозғалысын дамыту мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға өңіріміздің өресі биік,  белсенді жастары жиналып, турнирге 32 команда  қатысты (16 - қазақ лигасы, 16 - орыс лигасы).

Іс-шара Британдық парламенттік және Линкольн-Дуглас форматтарында өткізілген болатын.

Турнирдің жүлде қоры - 800 000 теңге.

Пікірсайыс барысында қоғамда кең талқылауға ие болған тақырыптар көтерілген,  лудомания мен нашақорлықтың таралуы, әлеуметтік желіге тәуелділік секілді өткір мәселелердің төңірегінде тұшымды ұсыныстар мен ойлар ортаға салынды.

Іс-шара соңында жеңімпаздарға естелік дипломдар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді.

Турнир қорытындысы бойынша келесі жеңімпаздар анықталды:

Қазақ лигасы бойынша ҚарУ пікірсайыс клубы «Moments of alwaysness» фракциясы жеңімпаз атанды (Ескермес Жаннұр және Мухаметкарим Ахбота). «Үздік спикер» номинациясында Шәдібек Ажар (ҚарУ пікірсайыс клубы) жеңімпаз атанса, үздік төрешілер арасында Пазылханқызы Рабиға («ҚарУ» пікірсайыс клубы) және  Бакира Олжас («Намыс» пікірсайыс клубы) жүлдегер атанды.

Орыс лигасы бойынша «Карагандинский токсик» фракциясы жеңімпаз атанды (Адилов Тамирлан және Игнатенко Мария). «Үздік спикер» номинациясында - Рововой Никита, үздік төрешілер арасында: Сулейманов Рустем және Тлеулин Тамирлан деп танылды.