Аймақта асыл тұқымды жылқы ұрлаған күдіктілер ұсталды

Суреттер: облыстық полиция департаментінен

Қарағанды облысында асыл тұқымды араб бәйге атын ұрлап, сойып алған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.

Қарағанды облысы, Шет аудандық полиция бөліміне 30 жастағы аудан тұрғыны арызданып, белгісіз біреулер халықаралық бәйгеге дайындап жүрген тұлпарын ұрлап кеткені туралы хабарлаған. Жәбірленушіге келтірілген шығын 1 миллион 500 мың теңге.

Ұрлық

– Полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 23 және 54 жастағы азамат ұсталды. Олар Шет ауданындағы блок-бекетте қолға түсті. Күдіктілер ұрланған жылқыны сойып, мүшелеп тастағаны туралы мойындады. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды, – дейді Қарағанды облыстық полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Аслан Өскембаев.

Сондай-ақ, басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бастап облыс аумағында 644 бас мал ұрланып, оның 547-сі иесіне қайтарылған. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында 13 қыркүйек пен 30 желтоқсан аралығында облыс аумағында «Мал ұрысы» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара аясында өңірдегі автожолдарға 17 жылжымалы бекет қойылды.