Балқашта заманауи емхана ғимараты салынды

GOV.KZ

№ 2 емханаға бекітілген Балқаш тұрғындары енді жаңа заманауи ғимаратта медициналық көмек алатын болады. Медициналық мекеме МЖӘ бойынша салынған және 19 мыңнан астам ересектер мен балаларға қызмет көрсететін болады. 

– Біздің емхана 1978 жылы салынған ғимаратта болған және ол ешқашан күрделі жөндеуден өтпеген. Біз өз жұмысымызды отбасылық-дәрігерлік амбулатория ретінде бастадық, ал 2000 жылдары емханаға айналдырдық, – дейді № 2 емхананың директоры Айнагүл Күлембаева. 

Пациенттер алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметтерінің барлық тізбесін, бейінді мамандардың кеңесін ала алады, анализдер тапсыра алады, күндізгі стационарда емделе алады, оңалту көмегі мен физиотерапия ала алады. Сондай-ақ, емхана жанынан жедел жәрдем, әлеуметтік дәріхана, пациенттерді қолдау қызметінің жұмысы ұйымдастырылған.

– Бізде диагностикалық қызметтер де қарастырылған. Ультрадыбыстық зерттеулердің толық спектрі, эндоскопиялық зерттеулер-эзофагогастродуоденоскопия, кольпоскопия, – деп атап өтті Айнагүл Күлембаева. – Жеке үй-жайда рентген аппараты орнатылған, сондай-ақ пациенттер тредмил-тест пен велоэргометрді қолдана отырып жүктеме сынамаларын тапсыра алады, электрокардиографиядан, ЭКГ холтер мониторингінен, қан қысымының тәуліктік мониторингінен, аудиометриядан өте алады.

Сонымен қатар, ғимаратта мүмкіндігі шектеулі пациенттерге медициналық қызмет көрсету үшін барлық жағдайлар жасалған: пандустар, мүгедектер арбасына арналған арнайы көтергіш, лифт, қозғалысты жеңілдететін құрылғылар, тактильді жолдар және Брайль шрифтімен жазылған ақпараттық тақтайшалар.