«Біз өсекпен өмір сүріп жатырмыз». Ринат Зайытов Бишімбаевтың ісіне қатысты пікір білдірді

Сурет: rinat_zaitov_resmi инстаграм парақшасынан

Мәжіліс депутаты, айтыскер ақын Ринат Зайытов экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты атышулы сот отырысын неліктен көрмейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі. Бұл туралы ойын ол «Білген дұрыс» бағдарламасында айтты.

«Бишімбаев – таза кісі өлтірген адам. Бұның маған оқиғасы да, басқасы да қызық емес. Неге оны жаппай көрсете береді? Себебі сұраныс бар. Біреудің төсегіне қатысты ақпаратқа сұраныс бар. Атам қазақ «Итке төсек не керек, естіге өсек не керек?» деп айтқан. Біз қазір өсекпен өмір сүріп жатырмыз. Бізге Қазақстанның келесі жылға қуаңшылыққа дайындығы қалай екені қызық емес, Ерке мен Раимның жағдайы қалай болып жатқаны бүкіл Қазақстанға қызық», – дейді Ринат Зайытов.

Айта кетейік, Астанада азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық істі қарауға арналған сот отырысы өтіп жатыр.