Ақселеу Сейдімбектің халық сынына ұшыраған ескерткіші бұзылды

ашық дереккөз

Көрнекті қаламгер, қоғам қайраткері Ақселеу Сейдімбектің Ұлытау облысының Жаңарқа ауданындағы ескерткіші қызу талқыланған болатын. Тас мүсіннің сәтсіз шыққанын айтқандар көп болды. Осыған байланысты ескерткіш бұзылды.

Ақселеу Сейдімбекке арналған ескерткішті бұзу сәтін журналист Ришат Асқарбекұлы Facebook-тегі парақшасына салды.

Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекқожиннің айтуынша, ескерткішті Ақселеу Сланұлының інісі өз қаражатына жасатып, орнатқан.

"Бұл ескерткішті Ақселеу Сланұлының інісі Асылхан Сейдімбек өз қаражаты есебінен жасатып, барлық құжаттары дұрыс екенін жеткізген. Алайда бүгінгі күні жаңадан ашылған ескерткішке қатысты азаматтар тарапынан бірқатар наразылықтар туындауда. Ақселеу мүсіні менің де көңілімнен шықпады. Осыған орай, ескерткішті тапсырыс берушілерге қайтару туралы шешім қабылданды. Орнына талапқа сай, тұлғаның бейнесіне сәйкес келетін ескерткіш қою үшін тиісті шаралар қолданылады", — деп жазды Жаңаарқа ауданының әкімі.

Айта кетейік, күні кеше Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданында қоғам қайраткері, публицист, жазушы, этнограф, біртуар тұлға Ақселеу Сейдімбектің мерейтойы өткен болатын.