Ақырзаманның "Абжад есебі..."

Ашық дереккөз

Физика-математика—несібіңіз,

Алты Алашқа әйгілі есіміңіз.

Бірақ, аға, есебін бұ қулардың,

Сіз шығара алмайсыз—кешіріңіз! 

 

Бұл шайтанның есебі жан улаған,

Шығара алмай, ел естен тануда, аға:

Амалында қосу мен көбейту жоқ,

Бөлу ғана—мұныкі,

Алу ғана. 

 

Мен түгілі, көктегі Құдайға анық,

Көз атаулы барады лайланып:

Бөлуменен алудың күні туды,

Көбейту мен қосуың былай қалып.

 

Өз есебін шығармай қоймайды бұл,

Біз—етекте,

Төбеден ойнайды құр:

Сізді қалай—ақымақ, мені—мәжүнін,

Елді—есалаң тобыр деп ойлайды бұл?!.

 

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ