Белгілі актриса Лидия Ашрапова дүниеден өтті

ашық дереккөз

Қазақ киносының алтын қорына енген «Қыз-жігіт» («Девушка-джигит») фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Лидия Ашрапова 87 жасында дүниеден өтті.

Одан бөлек, актриса отандық киноөнердің ең танымал туындылары – «Біз осында тұрамыз», «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Гауһартас»,«Қан мен тер» фильмдерінде ойнаған.

Лидия Ашрапованың жақындарының айтуынша, ол өмірінің соңғы жылдарында Қырымда өмір сүрген. Алматыға балаларына оралуды жоспарлап жүрген.

Актриса 1935 жылы Якутияның Амга ауылында дүниеге келген. Ташкент хореографиялық училищесінде білім алып, жергілікті филармонияда жұмыс істеген, кейін Қазақ ән және би ансамблінде солист болып, "Қазақфильм" киностудиясында түсірілімдерге қатысқан.