Қарағанды облысында 10-22 ақпан аралығында мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастамасымен «Болашақ таланттар» форумы ұйымдастырылды. Балалар жылына арналған форумда бүлдіршіндер хореография, бейнелеу өнері және вокал бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездесті. Форумның қорытындысы бойынша және мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру жөнінде Кеншілер мәдениет сарайында баспасөз-конференциясы өтті, деп хабарлайды saryarqanews.kz тілшісі.
Қазақстанда 4-18 жас аралығындағы балаларды үйірмелер мен секцияларда тегін сабақтармен қамту мақсатында мемлекеттік шығармашылық тапсырыс жобасы 2021 жылы 1 мамырда басталды.
Бүгінгі күні Қарағанды облысында осы шеңбер аясында 24 бағыт бойынша 6248 баланы қамтитын 158 үйірме жұмыс істейді. Бұл тізімге хореография, вокал, поэзия, кескіндеме, сурет салу, актерлік өнер, музыкалық аспаптарда ойнау, сәндік-қолданбалы өнер және тағы да басқа үйірмелер кіреді.
Шығармашылық тапсырыс бойынша үйірмелер Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Жезқазған, Сәтбаев, Саран қалаларында, Жаңаарқа және Шет аудандарында жұмыс істейді.
Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Мекенжанұлы Нелдібаев облыстық мәдени-демалыс және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығының мамандары күнделікті тіркеу үшін республикада арнайы құрылған ақпараттық порталмен жұмыс істейтінін атап өтті. Сондай-ақ, порталды қызмет көрсетушіге өтініш беру үшін ата-аналар да қолданатынын аап өтті. Қазірдің өзінде үйірмелерге келуге 8 мыңнан астам өтінім түскен. Сонымен қатар әр бала 2 үйірмеге қатыса алады.
– Қалаларда үйірмелер ашуға сұраныс жоғары. Балалар шығармашылық секцияларының тапшылығы байқалады. Сондықтан мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бағдарламасы бойынша Қарағандыда 3411 баланы қамтитын 106 үйірме, Теміртауда 1421 баланы қамтитын 29 үйірме, Жезқазғанда 14 үйірме қосымша құрылды, — деді Ерлан Мекежанұлы.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қауымдастығының төрағасы, «Алтын батыр» студиясының жетекшісі Лана Болат бастаған ісін одан әрі жақсартып, бағдарламаны жетілдіруді көздейді.
– Бағдарлама іске қосылғанда Қарағандыда үйірмелерімізді ашпасқа амал жоқ еді. Мен өзім Қарағандыданмын, бізде шынымен де талантты жастар өте көп. Бұрынғы мейрамханадан біз көптеген балалар айналысатын би залын жасадық - бүлдіршіндер биді үйренуге мүмкіндік алды, бұл оларға және олардың ата-аналарына қуаныш сыйлады. Жергілікті мәдениет үйлерінде тегін клубтар бар, аудандар мен ауылдарда жаңа клубтар ашу қаладағыдай сұранысқа ие емес. Дегенмен, мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бойынша жұмыс істеуге ниет білдіргендерге кеңес беру жүріп жатыр, - дейді Лана Болат.
Облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығының мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру және мониторинг бөлімі басшысының міндетін атқарушы Назгүл Байкенова балалар арасында ең сұранысқа ие үйірмелерді атады: қаңтар айының статистикасы бойынша бірінші кезекте кескіндеме өнері, одан кейін екінші орында би үйірмелері тұр.
Ал, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мұндай бағдарлама тек «Балалар жылында» ғана емес алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімде.
Әсем СЕКЕРБАЙ