Қазақ анимациясы Мадрид киножүлдесін жеңіп алды

ашық дереккөз

«Бесік жыры» қысқаметражды анимациялық фильмі Испания астанасы Мадридте өткен беделді кинофестивальде «Ең үздік қысқаметражды анимациялық фильм» жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды  Мәдениет және спорт министрілгінің баспасөз қызметі.

MADFA Madrid Film Awards – 2023 жыл сайын танымал режиссерлар ең үздік туындылардың басын қосатын халықаралық байқау. Мадрид киножүлдесі биыл 20-мәрте өткізіліп отыр. Бұл байқауға 1500 анимациялық жұмыс үміткер ретінде ұсынылған. Солардың ішінен «Бесік жыры» қысқаметражды анимациялық фильмі топ жарып, «Ең үздік қысқаметражды анимациялық фильм» жүлдесін жеңіп алды.

Айта кетсек, анимациялық фильм Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілген.

«Қазақстандық анимациялық фильмнің беделді халықаралық байқаудың бас жүлдесін иеленгені – отандық анимация саласының оң бағытта дамып келе жатқанының көрсеткіші деп санауға болады. Мәдениет және спорт министрлігі 2030 жылға дейін жалпы прокаттағы қазақстандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 35%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Ол үшін жыл сайын кемінде 10 анимациялық жоба жасалатын болады. Өткен жылы елімізде алғаш рет «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылды. Аталған ұйым отандық анимация мамандарының шеберлігін шыңдап, анимациялық жобаларды шығаруға қолдау көрсетеді», деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.