«Қазақ» газетінің шыққанына 110 жыл толды

ашық дереккөз

"Қазақ" газетінің 1914 жылғы 14 ақпан күнгі 50 саны. Газеттің бұл саны "Қыр баласының" қазақтың дәстүрлі билер сотын қалпына келтіру қажеттігін айғақтап жазған "Би һәм билік" мақаласымен ашылады.

Бұдан 110 жыл бұрын Орынбор қаласында «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылым сол кездегі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік өміріне қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, ағартушылықпен қатар, саяси мақсаттар мен мүдделерді де көздеді.

Газетте орыс патшасы үкіметінің қазақ жеріне Ресейден әкелінгендерді қоныстандыру саясатына қарсы тұру және тәркіленген жерлерді қазақтарға қайтарып алып, меншікті жері ретінде заңдастыру, ауыл мектептеріне қазақ әліппесін енгізіп, балаларды ана тілінде оқыту, билік орындарында ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізу сияқты мәселелер қозғалды. Сонымен бірге қазақтардың сайлау және сайлану құқығын қалпына келтіру, дала өлкесіне заң жүзінде жергілікті басқару (земство) тетігін енгізу мен дамыту арқылы қазақ қоғамында реформалық өзгерістерге қол жеткізуді мақсат тұтқан мақалалар жарияланды.

Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сынды қазақ зиялылылары іргесін қалаған «Қазақ» газеті бастапқыда апта сайын, ал 1915 жылдан аптасына екі рет шығып тұрды. Әуелгіде 3 мың дана болған «Қазақтың» таралымы аз уақыттың ішінде 8 мыңға жетіп, жалпыұлттық басылым дәрежесіне дейін көтерілді.

20-ғасырдың басында «Қазақ» газетінің төңірегінде топтасқан демократиялық көзқарастағы қазақ қайраткерлері жалпықазақ құрылтай съездерін, «Алашорда» автономиясы мен «Алаш» партиясын ұйымдастыруға ұйтқы болды. Олар ой-пікірі мен мақсат-мұратын бұқараға «Қазақ» газеті арқылы жеткізді.

1918 жылы Қазақстанда совет өкіметінің билігі орнағаннан кейін «Қазақ» газеті біржола жабылды. Ал оның құрылтайшылары мен авторларының басым көпшілігі кейін саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.