«Қазақстанның халық жазушысына» ай сайын қанша ақша төленеді

primeminister.kz

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев мемлекеттік мекемелерде қызмет етіп жүрген «Қазақстанның халық жазушысы» атағын алғандарға тиісті үстемақы қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.

«Қазақстанның халық жазушысы» атағы – еліміздің әдебиетін дамытуға ерекше үлес қосқан, бұрын «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» және әдебиет саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған тұлғаларға беріледі.

Сондай-ақ, ұлт әдебиетін жаңа деңгейге көтерген, әдеби шығармашылық ортаның ең жоғарғы сыйлығы болады.

Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында вице-министр Арман Жүдебаев осы атақты алған жазушыға қандай материалдық төлем аударылатынын айтты.

Бұл дәреже Республика күні қарсаңында берілетін болады.

«Халық жазушысы» атағы әдебиет саласындағы ең жоғары атақ болмақ. Үкіметтің тиісті қаулысы бар. Бұл тұрғыда ол кісілер мемлекеттік мекемеде жұмыс істесе, онда тиісті үстемақы төленеді. Ал жұмыс істемесе, төлем жасалмайды. Жалпы, бұл ретте ешқандай қаржылық есеп қарастырылмаған. Бұл кісілер Мәдениет және ақпарат министрлігінің тиісті мемлекеттік мекемелерінде қызмет етсе, 17 954 теңге сомасында үстемақы алады», - деді вице-министр.

Айта кетейік, бүгін Сенат «Қазақстан халық жазушысы» атағын қайтаратын заңды мақұлдады.

Биыл маусым айында Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтаруды тапсырған еді.