«Маша мен аюдан» қауіп жоқ демеңіз

скриншот

«Маша мен аюдың» хикаяларын жаттап алдық. Үйінде кішкентай баласы бардың бәрі бұл сөзді растайды. Өйткені, мультфильм – өте тартымды. Баланың санасын, жүйке жүйесін бірден баурап алады. «Қошқар мен теке» сынды қазақы мультфильмдерді қойсаң немесе басқа бірдеңе көрейін десең, мазасы кете бастайды. Бұл бір дертке айналып барады. Өз басымнан өткен соң, ашынып қолыма қалам алып отырмын. Себебі, сол құйтақандай ғана Машаның қылықтары баламыздың бойынан қылаң беріп келеді. Қаралымы 100 млн-ға дейін барған аталмыш мультфильмнің жаңа бөлімдерін бір аптада 10 млн-ға жуық адам тамашалайды. Мультихикая әлемнің ірі дисней студияларын шаң қаптырып келеді. Енді, оның өзіміз байқаған ұлттық болмысымызға зияны мен қаупі жайлы айтайық.

"Маша мен аю"

Бұл туындының идеясы орыстың «Маша мен маймақ аю» атты халық ертегісінен алынған. Шағын ғана ертегінің соңы осындай мыңдаған сериялы хикаяға айналды. Шет елдің де талай жүлдесін қанжығалап, әлемдік рейтингте алғашқы ондыққа шығып үлгеріпті. Мұндай көрсеткішпен есік-терезесінің бәрі ашық жатқан біздің рухани әлемді жаулау бұларға шаруа болып па? Қазақстандық балақайлардың ең сүйікті мультфильміне айналып, миллиондаған табыс әкеліп отыр. Алдымен, мұндағы Маша – өте бұзақы. Ерке болғанымен қоймай, аң біткеннің есін шығарады. Аюдан ғана қорқады. Оның көңіліне қарайды, жақсы көреді, оған еркелеп, арқа сүйейді. Аюдың өзіне тимейтінін білген ол барлық дүниені құртады да жүреді. Қабырғаға бояу жағу, шаңсорғышты далаға сүйреу, бау-бақшаны қиратып, ыдысты сындыру, ботқаны көп пісіру және тағы да басқа толып жатқан еркелігі бар. Аю осының бәрін көтереді. Және оған ұрыспайды. Бәрін қайтадан өзі қалпына келтіреді. Кейбір сәтте ғана Машаға ақыл кіріп, жұмысты дұрыс орындайды. Осының бәрін көріп отырып, Машаны кішкентай аяғы шығып, жүре бастаған балаға теңеуге болады. 1-2 жастағы балалар оның қылықтарын сүйсіне қарайды және бірден бауыр басады. Осылайша, миллиондаған көрермендер армиясы пайда болады. Тіпті, кейбір ата-аналар баласын жұбату үшін осы мультфильмді теледидардан немесе телефоннан қосып бере қояды. Ал, психологтар Маша мен аюдың бала психологиясына едәуір зиян келтіретінін айтады.

– Зияны сол – Машаның «бұзықтығы». Мульфильмде Маша аюға «айтқанын істететін» бірбеткей, тым ерке, шолжаң қыз. Аюды кекетіп-мұқатады үнемі. Оны көрген бала психологиясы мұның барлығын «жұтып алады», (әсіресе қыз балалар) дәл осындай болу керек деп, Машадан «үлгі» алады. Ең қауіптісі – бұл мульфильмді 2-5 жас аралығында балақайлар өте жақсы көреді. Көрермендер арасында тіпті 1 жастағылары да бар. Ал, бала психологиясының дамуының шарықтау кезеңі дәл осы жастар. Яғни, 1-5 жас аралығында бала не көрсе соны қайталайды, не айтсаңыз соны айтады. Көрген, естігенін бойына «сіңіріп» алады, сенгіш келеді» – дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің психологы Мейрамгүл Түсіпова. Бұдан бөлек, сала мамандарының саралауынша, «Маша мен аю» мультфильмі балалар үшін ең қауіпті туындылардың көшін бастап тұр.

Екінші орында – жаргон сөзге толы америкалық «Монстр Хай» мультфильмі, үшінші орында – басты кейіпкері жанжалға өте бейім «Губка боб», төртінші орында бір-бірін қорлап, кек алуға итермелейтін «Том мен Джерри» мультфильмі екен.

Біздің ойымызша, келесі бір қазақ руханиятына соққы болып тиіп отырған нәрсе – фильмдегі қос қасқыр бейнесі.

Қасқыр – түркі халықтарының тотемі. Біз Алтай мен Атыраудың арасын мекен еткен қаймана қазақ баласы өзімізді Көкжал қасқырдан өрбіген Көктүріктің ұрпағы санаймыз. Бөрінің қасиеті мен киесін қастерлейміз. Рухымызды көтеретін құдіретке балаймыз.

Ал, Маша мен аю туындысын да аю – орманның иесі. Мұндағы арыстан да аюмен цирктің қимылдарын көрсетеді, қоян, кірпі, тиін сынды орманда жиі кездесетін жануарлар аюды пір тұтады. Оның үстіне, аю ағаштан жасалған зәулім әрі жылы үйде тұрады. Бар жағдайы жасалған. Үйінде шошқа, тауық, ит, ешкі сынды үй жануарлары да бар. Солардың барлығы Аюдың маңайына топтасып, оның типтік бейнесін асқақтатып, аюды ұлы етіп көрсетуге талпынады. Жаңа жыл, Рождество, Пасха сынды мейрамдарын ұмытпай тойлап, ұлттық тағамдарын да насихаттайды.

Ал, мұндағы қос қасқыр – жүрген бір бишара. Үйі-күйі жоқ. Ескі жедел жәрдем көлігінде шанышқысымен шыбынды ұстай алмай тілі салақтап, аш отырады, күні-түні. Басқа жануарлардың бәрінде баспана бар. Қасқыр ғана қаңғыбас, аш-жалаңаш, жағдайы сорақы.

Бұдан бөлек, сол қос қасқырымыз Маша мен аюдың қолшоқпары. Айтқанын істеп, қалған-құтқанын ұрлап жеп, қателессе, таяғын жеп, желпілдеп, азап шегеді де жүреді. Қажет болса, сайқымазақ болып, Маша мен аюдың көңілін көтереді.

Туынды авторларының сұхбаттарын да шолып шықтым. Аталған мультсериалдың авторы, «Анимаккорд» студиясының басшысы Дмитрий Ловейко мұнда ешқандай саяси астардың жоқ екенін үнемі айтып жүр. «Балаларды алғырлыққа, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында түсіріп жатырмыз. Осы қарқынмен сұрыныс өсе берсе, «Маша мен аюды» қалаға, басқа елдерге саяхатқа шығарамыз» дей ол.

Әзірге бұл туындының бір ақсап тұрған тұсы, кейіпкерлерінің орманнан әрі аттап баса алмай жүргені ғана. Бірақ, мына қарқынмен бұлар қалаға да жететін сияқты. Онда тіпті өмірімізге дендеп еніп, миымызға шабуыл жасауы мүмкін. Тіпті, ұрпағымызды өзімізге, салт-дәстүрімізге, тарихымызға, дінімізге қарсы қоюы да ықтимал.

Өйткені, киеміз Көкбөріні қорлағаны аздай, шошқасы мен шұжығын насихаттап, балаларымыздың миын улауда.

– Бұрын шошқа көрсе, жиіркенетін қазақтың балалары мынадан кейін шошқаны сүйкімді әрі таза жануар көріп, жақсы көріп кетуі ғажап емес. Балаларымыз ойыншық пен киім алғанда Машаның суреті барын таңдайды. Ол аздай шошқа ойыншығына да қызыға бастады. Бұл – ұлттық болмысымызға төніп тұрған қауіп. Қазақылыққа, ең құрығанда мұсылмандыққа тәрбиелейтін бірде-бір элемент жоқ. Ептеп, адамгершілікке баулыған болады. Соған алданамыз деп бала-шағамызбен орысша сайрауға шақ қалып тұрмыз.

Осындай зияны мен қаупін ескере келе «Маша мен аю» мультфильмінің Қазақстанда көрсетілуіне тыйым салу керек деп есептейміз. Көзі қарақты, көкірегі ояу жандар мұны түсініп, көріп, біліп отыр және біздің ұсынысты қолдайтыны сөзсіз. Бұл кәдімгі ұрпақтарымыздың миына жасалып жатқан ақпараттық-рухани шабуыл. Ұлтымыздың төтемі Көкбөріні аш-жалаңаш, диуана етіп суреттеп, соны әлемге насихаттап жатқандардан бұдан да сорақысын күтуге болады, – дейді ҚарУ-дың тарих факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұртас Смағұлов.

Шындап келгенде, қасқыр жарықтық даланың аңы ғой. Орманда аюдың маңында жалақтап жүрген қасқырды қашан көрдіңіз. Тіпті, аюдан мұншалық сескенбейді де бөрілер. Сондықтан, бұл ұлтымыздың руханиятына, мәдениетіне жасалып жатқан шабуыл екен айдан анық.

Енді, мұны көрсетуге тыйым салумен қатар, оның орнына ауыстыратын қызық дүниелерді көптеп түсіру керек. Жуырда қазақ тілді қуыршақ театры ашылып, қатты қуанып едік. Сол қарқыннан таймай, ұлтымыздың болмысын сақтау жолындағы күресті тоқтатпау керек.

Кейбіреулер мұны оқып, «Анау зиян, мынау зиян, енді «Маша мен аю» да зиян ба? Балаларымызға не көрсетеміз?» деуі мүмкін. «Тынышталса болды» деп баланың қолына телефонды ұстата салғаннан гөрі ерінбей, уақыт бөліп балаға қазақша ертегілерді оқып беріп, балаларымызды қазақ қылып тәрбиелесек екен…

 

Жәлел ШАЛҚАР

Дереккөз:ortalyq.kz