ТОП-7 деректер топтамасы : Абай

LIFE09

Life09 топ жетілігі Абай қаласында. Ендеше бізбен бірге болыңыздар, сіз естіміген тың ақпараттарды айтатын боламыз. Бастайық онда.

Қарағандының іргесіндегі шағын шаһардың іргетасы Шерубай кенті ретінде 1949 жылы қаланған. Қала мәртебесін 1961 жылы иеленген. 1997 жылы Мичурин ауданына Абай қаласын қосып Абай ауданы құрылды. Аудан аумағы 6,5 мың шаршы километрге тең. Аудан орталығы Абай қаласында орналысты. Шаһар арқылы Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда автомобиль жолы, Қаратас кентінің жанынан Жартас су құбыры өтеді. Абай қаласы Сарыарқаның орта тұсында, қуаң дала белдемінде орналасқан. 30 мыңға жуық халқы бар.  Кен байлықтарынан тас көмір, барит, әктас, т.б. құрылыс материалдары кездеседі.

1. Абай қаласы туралы алғашқы деректі үлкен мақтанышпен айта аламын. Себебі жалпы Қазақстан бойынша қазақтың бас ақынына аты берілген алғашқы қала осы Абай. Бірді екілі аудандар болмаса, қала атауын берген Қарағанды облысы ғана деп мақтанып қояайын. Биыл қуанышымызға орай хәкімнің құрметіне облыс атуы берілді. Қуаныштымыз. Бірақ тарих, алғашқыларды ғана есіне сақтайтынын ұмытпайық.

2. Нарық кезеңінде еліміздегі өзгерістер бұл қаланың тыныс-тіршілігіне де өз әсерін тигізді. Көптеген мекемелер мен кәсіпорындар жабылып, бұрын жұмыс істеп тұрған 4 шахтаның біреуі ғана нарыққа төтеп бере алды. Бұған дейін өнімдері үлкен сұранысқа ие құрылыс саласындағы ұйымдардың өзі жұмыстарын жолға қоя алмай тұралап қалған кездері болды. Бірақ, қазір қаланың жағдайы жақсарып келеді. Қалада 10-ға жуық  ірі бизнес,36 орта бизнес және 127 шағын бизнес кәспорындары жұмыс істейді.

3.  Жалпы Абай қаласының аты өндірісінен бөлек , атақты бокс мектебімен танымал. 1966 ж. құрылған Олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған мектебі бокстан Еуропа чемпионы Серік Нұрқазовты, халықаралық спорт шеберлері Бақытжан Аманбаев, Данияр Мұңайтпасов, Екі дүркін әлем чемпионы, Олимпияда чемпионы  Серік Сапиевты тәрбиелеп шығарса, кейінгі буыннан Абылайхан Жүсіпов Қазақстанның екі дүркін чемпионы, әлемнің чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері атанған. Міне Абай бокс мектебі осындай саңлақтарымен мақтанады.

4.  2020 жылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай қаласында бас ақынымыздың еңселі ескерткіші ашылған болатын. Қоладан жасалған еңселі ескерткіштің салмағы 5 тонна 600 кг. Биіктігі 4,5 метр. Ескерткіштің тұғырмен бірге биіктігі 10 метрге жуықтайды. Жоба авторы - Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, жерлесіміз Бейбіт Мұстафин.

5. Бір кездері аты әлемге әйгілі болған тігін фабрикасы өткен ғасырдың 90 жылдарындағы тоқырауды бастан кешті. Сол кездері өндіріс тоқтап, жұмыссыздық белең алды. Араға 22 жыл салып 2019 жылы Абай тігін фабрикасы қайта іске қосылып, оның тамырына қан жүгірді. Фабрика басшылығы тігін және жіп орайтын машиналар мен басқа да құрылғылар сатып алған. Қазір фабрикада 4 цех жұмыс істейді. Мұндағы шеберлердің қолынан шыққан өнім  Қазақстанның барлық облысында сұранысқа ие. Кәсіпорындағы тауардың 85 пайызы арнайы киім болатын. Енді қарапайым халыққа арнап киім тігуді қолға алды. Фабрика жанынан арнайы дүкен ашылыпты. Оған көршілес қалалардан келіп киінетіндер бар.

6.  Қарағандылық  мүсінші Игорь Баграмовтың қаза тапқан кеншілерге арналған ескерткіш 2021 жылдың қараша айында "Абай" шахтасындағы қайғылы оқиғаны еске алу үшін ресми түрде ашылды. Мемориал Абай қаласының МҮ жанындағы саябақ аймағында орналасқан. ЗКТ: Гранитпен қапталған ескерткіш 120 шаршы метр аумақты алып жатыр. Бетінде шахтаның көріністері бейнеленіп, кеншінің дулығасы мүсінделген. Ескерткіштің биіктігі 3 метрден асады.  Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың қараша айында "Абай"шахтасының кенжарында метан жарылып 6 кенші қайтыс болды.

7. Кеңес одағы кезінде Абай қаласында өзге ұлт өкілдері көп тұрған. Сол себепті қала көшелерінің атаулары орыс тілінде болған. Бірақ Тәуелсіздік алғаннан кейін біртін-біртін көше атаулары қазақшалана бастады. Абай қала болғанымен жергілікті халық бір-бірін жақсы танып, ауыл тұрғындарындай етене араласады. Шаһар шағын болғанымен, халықтың көңілі кең десек болады.