ТОП-7 деректер топтамасы : КАРЛАГ

LIFE09

Топ-7 жобасы Қарағанды қаласынан 50 шақырымдай жердегі Долинка кентіне келді. Бүгінгі шығарылымда заманында атағынан адам шошыған азаптың астанасына айналған Қарағанды лагері туралы айтатын боламыз. Бізбен бірге болыңыздар, сіз естімеген біраз деректің бетін ашамыз.    

Карлаг, яғни, Қарағанды еңбекпен түзеу лагері - ГУЛАГ архипелагы құрамындағы ең ірі азап аралы. Ол кезінде Қазақстанның орталығында солтүстігі мен оңтүстігіне шейін 300 шақырым, шығысынан батысына шейін 200 шақырым ұлан-ғайыр жерді алып жатқан. Ал сыртқарғы Ақмола және Балқаш бөлімшелерін қосып есептегенде, Карлагтың ауқымы Францияның жер көлемімен теңеcеді. Қарағанды лагері ауқымына, құрылымдық жүйесінің күрделілігіне және Мәскеуге ғана тікелей бағынған әлеуетіне қарай «мемлекет ішіндегі мемлекет», ал азаптау құралының күштілігі жағынан «Даладағы тамұқ» деген атқа ие.Лагердің мақсаты – социализм құрудың сталиндік бағдарламасын жүзеге асыру үшін тұтқындардың тегін еңбегін жаппай пайдалану еді.Карлагта болған 1,5 миллион тұтқынның дені «халық жауы» деген айыппен сотталғандар немесе cолардың отбасы мүшелері ретінде бас бостандығынан айырылғандар.

1. Осы Долинкада бірінші және екінші ла­герьдің екі бөлімі болды. Әуелде ауыл шаруа­шылығына бағытталған лагерь болды. 1931 жылы партияның Орталық Комитеті Қарағандыдан ірі көмір бассейнін салу туралы шешім шығарған. Ал оған білікті мамандарды тартудың жолын Сталин тез тапты. Донецк шахтерлері секілді өзге жақ­тан мамандарды қамауға алып, бірте-бірте КАРЛАГ-қа әкеле бастады. Сөйтіп, олар құл секілді шахтаға жұмысқа салынды.Бастапқыда жеті бөлімнен тұратын лагерь 26 бөлімге көбейді.

2. Музей экспоциясындағы құнды деректердің бірі – Мая Шейнинаның хаты. Ол – Карлаг түрмесіне түсіп, басынан небір қиыншылықты өткерген қайсарлы тұлғалардың бірі. Мая жазған хатта қазақ елінің дархан пейілі, ықылас-ниеті, ашық көңілі анық аңғарылады. Расымен де, алаш халқы репрессия кезінде жер аударылған өзге ұлт өкілдерінің кеудесінен қақпай, құшағына баса білді. Бұл да бір ерліктің нышаны десек, артық айтпаспыз. Хаттың мәтіні төменгідей:

«Зұлмат заманында репрессияға ұшыраған неміс, шешен, орыс, еврей және т.б мыңдаған ұлт өкілдерін қабылдаған қазақ халқына алғысымды білдіремін. Және де қазақ жерінде аман қалған анам үшін рақмет айтамын. С.А.Зильбербергтің қызы Мая Шейнина. Ленинград (Санкт-Петербург). Хайфа-Израиль. № Телеф. 972 (Изр), 4 (Хайфа) 8242399».

3.Карлагтағы тұтқанды азаптау түрлі әдістермен жүргізілді. Айыбын мойындамай қойған адамдарды жабық камераларға апарып, екі-үш күн ас-су бермей қинайтын көрінеді. Осындай азаптау, ұрып-соғу, қинау, мойындату әрекеттерін сенбі-жекенбі күндері жүргізген. Бір сұрқиялығы – бұл күндері ауыл-аймақтарда арнайы ойын-сауық кештері, музыкалық бағдарламалар ұйымдастырылады екен. Бұл – қиналыстан шыбын жаны шырқырап, жан дауысы шыққан адамдардың ащы зарын жұртшылыққа естіртпеу үшін қолданған әдіс болған.

4. Карлагтағы тозаққа татитын азап пен қиындықтар жайлы деректердің көбі лагерде болған тұтқындардың аузынан жазылып алынған. Тамақ түгілі қара суға жарымаған тұтқындар талғажау астарын күл-қо­қыстың ішінен іздеп, қалған сүйек-саяқты жеген.  Тұтқындарға ботқаны ма­лға берілетін, тазаланбаған арпадан да­йындаған.Көгерген картоп пен орамжапырақты қуырып берген. Сөйтіп аяусыз жұмысқа салынған.Лагерьдің іші өте суық болған. Жұмыс күші болғандықтан оларды өлтір­мей ұстаудың ғана қамын жасаған.

5.Долинкада 4 жасқа дейінгі балаларға арналған «Мамочкин дом», қазақшалағанда, «Анашымның үй» атты арнаулы мекеме жұмыс істеген. Долинканың бір шеті сол сәбилердің қорымына ұласады. Жермен-жексен болып тегістеліп кеткен қорымның ауқымы өте үлкен болған. Өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін көктемгі су тоғысы кезінде өзен бетінде қалқыған сүйектер үйреншікті көрініс болыпты. Мұнда қанша сәбидің қырылғаны туралы нақты дерек жоқ. Архивтер әлі толық ашылған жоқ. Ал, қолда бар анықтамалық құжаттарға қарағанда, 1943 жылы ғана 450 бала бір мезгілде өкпе қабынуынан қырылып қалған.

6. "Лагерьдегі балалардың жағдайы аса жаман болды. Киім-кешегі жұпыны әрі ескірген балалар қамыстан буылған төсекте жататын. Олардың іске татитын киімін ересектер, тіпті сақшылардың өздері ұрлап алатын. Лагерь балалары үй дегеннің не екенін білмейтін, "әже", "папа" деген сөздерді мүлдем түсінбейтін. Олар негізінен лагерьге қатысты ұғымдарды ғана білетін. Тақтаға үйдің суретін салса, балалар "барак" деп шу ете қалатын. Ал үйдің сыртына шарбақ салса балалар оны "зона" деп атайтын. Анда санда ғана балаларға шешелерін көрсететін. Ал шешелері этаппен айдалып кетсе, балалары осында қалатын. Қиыр Шығысқа айдалып кеткен әйелдердің 4 жасқа дейінгі балалары Осакаровкадағы балалар үйіне жөнелтілді. Олардың тірі қалғандары бірен-саран ғана еді.

7. Азаптан бөлек, тұтқындардың көбі ауыр жұмыстан қажыды, аштан қырылды, түрлі ауруларға шалдықты. Әсіресе әйелдер мен балалар өлімі жоғары болды. Лагерьде өліктерді көмудің өзіндік жерлеу рәсімі бар. Әрбір мола-шұңқырға 15 адамнан көмілді. Қайтыс болғандарды бес-бестен үш қатар етіп жерлейді. Тіпті «өліктер табытсыз және ақыретсіз жерленсін, өліктер жалпы молаға көмілсін, мола тереңдігі 1.5м, ені мен ұзындығы өлік санына байланысты белгіленсін» деген ГУЛАГ-тың 1943 жылы бекітілген ереже-заңы да бар. Осылайша өліктер дұрыс топырақпен жабылмағандықтан, аш қасқырлар, иттер моланы қазып, ашып тастайды.