Шахтинск қаласының жас таланттары Түркияда өткен вокал байқауында Гран-при мен жүлделі орындарға ие болды

Фото: gov.kz

Шахтинск қаласының Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің оқушылары Ыстамбұлда (Түркия) өткен ALASH STAR халықаралық көпжанрлық байқауында Гран-при және бірінші және екінші орындарға ие болды.

Он алты жасар Дайана Сағындықова Гран-при алды, ол «Гүлстан-Қазақстан» әнін орындады.

– Мен вокалмен 6 жасымнан айналысамын. Жарысқа әртүрлі елдерден 200-ге жуық қатысушы қатысты. Ал мен Гран-при жеңіп алдым, – дейді Дайана.

Альмира Әбдімәлік үш жасынан бастап ән айтады. Қазір 11 жаста. Түрлі облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Түркияда өткен халықаралық жарыста да бірінші болды.

– Мен «Күнге табыну» әнін орындап, бірінші орын алдым. Бұл жерде вокалдан беретін ұстазымның сіңірген еңбегі зор. Біз күн сайын жұмыс істедік, бұл жеңіс біздің жұмысымыздың нәтижесі, – деп атап өтті Альмира.

Аймерей Тілеубек 10 жаста, ол «Сүгірдің термесі» әнімен екінші орын алды.

ALASH STAR – Шахтинск қаласының жас әншілері қатысқан тұңғыш халықаралық байқау. Үшеуіне вокалдан «Балауса» вокалдық клубының жетекшісі, Қарағанды облысы композиторлар одағының мүшесі, балалар композиторы Зәуреш Ниетбаева сабақ береді. Ол өнер саласында 30 жылға жуық еңбек етіп келеді.

ALASH STAR халықаралық көпжанрлық байқау 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Байқауды ұйымдастырушы – ALASH өнер орталығы.