Дарынды балаларға арналған "Абайтану" республикалық олимпиадасында қарағандылық оқушылар бес жүлделі орынға ие болды

Фото: gov.kz

Қазақ тілі мен әдебиеті бойынша "Абайтану" VІ республикалық олимпиадада Қарағанды облысынан қазақ тілінде оқитын 9–11 сынып оқушылары арасында тоғыз оқушы қатысып, олардың бесеуі жүлделі орынға ие болды.

Бірінші орынды № 61 ОМ оныншы сынып оқушысы Нұрғасыр Изат иеленді.

Осы мектептің тағы төрт оқушылары – Абылай Дүйсен, Алина Наурызбаева, Сезім Саят және Ақшархат Эшкулова үшінші орынға ие болды.

– "Абайтану" олимпиадасы екі кезеңде өтті. Бірінші турда ұлы Абай мұрасы бойынша белгілі бір тақырыптарға эссе жазу керек болды, ал екіншісінде – ұлы ойшылдың кез келген шығармасын талдадық. Бұл олимпиада болғандықтан, әрине, синтаксистік және морфологиялық талдауға қатысты сұрақтар болды. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен жүзге жуық қатысушы жиналды, – деді Нұрғасыр Изат.

Зияткерлік жарыс Алматыдағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған мектеп-интернат базасында өтті.