Ермағанбет Бөлекпаев су тасқынынан зардап шеккен Шет ауданының тұрғындарымен кездесті

Әкімдік

Су тасқынынан зардап шеккен Шет ауданының тұрғындары жаңа үйлерінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, орныға бастады. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауыл тұрғындарына барып, қызыл судан анағұрлым көбірек зардап шеккен учаскелерді аралады.
Шет ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге шұғыл түрде мемлекеттен 100 АЕК мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленді. Ауыл тұрғындары бүлінген мүлік үшін де өтемақы алды. Қырылған малдың құны өтелді.

54 үйде жөндеу жүргізу қажет. Тұрғындар оны өздері жасайды. Бұл жұмыстарға өтемақы төленді. 
Апатты алты үйдің орнына бес үй сатып алынды, біреуі салынады.

Отбасылар жаңа тұрғын үйге біртіндеп көшіп жатыр. Жергілікті жағдайды Ермағанбет Бөлекпаев бағалап қайтты.
 

Наталья Фегиленің Красная Полянадағы үйі апатты деп танылды. Оған жаңа үй сатып алынды, енді ол жұбайымен бірге заттарды көшіріп жатыр.

– Су 30 наурызда келді. Бізге заттарды жинау, малды шығару үшін алдын ала хабарлағаны жақсы болды. Көптеген нәрселерімізді құтқарып үлгердік. Қазір біз ескі үйден мүлікті алып, жаңа үйде жайғасып жатырмыз. Біз шағын жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Маған бәрі ұнайды, мұнда бөлмелер ескі үйіміздегіден көбірек. Тез арада өтемақы бергені үшін рахмет! Енді тыныш өмір сүреміз деп үміттенемін, – дейді ауыл тұрғыны.

Ақсу ауылында зардап шеккендерге қосалқы шаруашылық құрылыстары бар жақсы үйлер сатып алынды.
Ақсу ауылында зардап шеккендерге қосалқы шаруашылық құрылыстары бар жақсы үйлер сатып алынды.

Орынбек Жұмажанов Ақсу ауылында 90-шы жылдардан бері тұрады. Оның үйі қатты зардап шекті. Бүгінде жаңа баспана таңдап алғанын айтады.

– Осыған ұқсас жағдай 2015 жылы болған, бірақ ол кезде біздің үй зардап шеккен жоқ. Биыл ол жарамсыз болып қалды. Бізге жаңа үйді өзіміз таңдап алуға рұқсат етті, біз таңдадық. Отбасымыз үлкен. Жұбайым екеуміз зейнеткерлерміз. Бізбен бірге ұлымның отбасы тұрады. Оның төрт баласы бар. Бізді қиын жағдайда қалдырмағанына өте қуаныштымыз, – дейді Орынбек Жұмажанов
 

Ақсу ауылының тағы бір тұрғыны – Айдана Бикей де су тасқыны салдарынан баспанасынан айырылған.

– Біздің үйді топан су басып кетті. Ол әрең тұр, кіруге қорқамыз. Барлық мүлкімізден айрылдық. Біздің төрт баламыз бар. Үйді өзіміз таңдадық. Ол жақсы, үш бөлмелі, жақында көшеміз. Су тасқынымен белсенді күресіп, бізге көмектескендердің барлығына үлкен алғыс айтамыз, – дейді Айдана Бикей.

Облыс әкімі ауыл тұрғындарына жаңа үйлерде амандық тіледі.

– Президенттің тапсырмасы бойынша біз барынша қысқа мерзімде барлығына өтемақы төлеуге және үй сатып алуға тырыстық. Бүгін мен зардап шеккендермен жеке кездесуге, барлық тапсырмалардың орындалғанына көз жеткізу үшін келдім. Сіздер жаңа үйлерде жайлы өмір сүресіздер деп үміттенемін. Бар жақсылықты тілеймін! – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, Ермағанбет Бөлекпаев Шерубай-Нұра өзенінің арнасын аралап көрді. Су қоймасын тазарту жоспарланып отыр.