Қарағанды облысында жылыту маусымы 26 сәуірге қараған түні тоқтатылады

Фото: gov.kz

Қазірдің өзінде Балқаш пен Приозерск қалаларында жылу беру тоқтатылды. Саран қаласында әзірге бірнеше қазандық жұмыс істеп тұр. Олар да бір-екі күнде тоқтатылады.

Қарағандыда жылыту маусымын 26 сәуірде аяқтау туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, жылуды өшіру үшін "Теплотранзит Қарағанды" ЖШС (Пригородная көшесі, 9/2) басқарушы орган төрағасының қолы қойылған өтінімдер беруге болады.

"Қала тұрғындарының үйлеріне жылу беру 26 сәуірге қараған түні тоқтатылады. "Теплотранзит Қарағанды" ЖШС-не ПИК, МИБ, ЖМ және т.б. тарапынан өтінім түссе, жылу беру ертерек тоқтатылады. Егер үйде ортақ есептеу құралы болса, жылуды өз бетінше тоқтата тұруға болады", – деп хабарлады Қарағанды әкімдігінің баспасөз қызметі.

Теміртауда жылыту маусымының аяқталу күні туралы түпкілікті шешім штаб отырысында қабылданады. Металлургтер қаласында да жылу алдын ала болжам бойынша 26 сәуірде өшіріледі.

Шахтинск қаласында "Шахтинсктеплоэнерго" ЖШС станциясы төмендетілген техникалық параметрлер форматында жұмысын жалғастыруда. Жылыту ақысы үйдегі есептеу құралдарының көрсеткіші бойынша төленеді. Жылу беруді тоқтату 30 сәуірге жоспарланған.

Абайда да жылыту маусымын 30 сәуірде аяқтау жоспарланып отыр.