Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамауға алынып, басы дауға қалған әнші Алмас Кішкенбаев желі парақшасында өз ісі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Әнші Instagram желісіндегі парақшасында көпшілікке видео арқылы жағдайды түсіндіріп, өз пікірін ортаға салды.
"Армысыздар. Бәрі аяқталған соң ақпаратты өзім берейін деп ойлаған едім. Барлығы жарыса жазыпты. Жарайды. Біріншіден, осындай қиын жағдайда маған қолдау білдірген жандардың барлығына алғысымды білдіргім келеді. Қолдау білдірген жандар қаншалықты болса, рейтинг жинаған, хайп қуған жандар да жеткілікті болды.
Барлығы, құдайға шүкір, аяқталды. Соттың шешімі бар. Заңнан биік емеспін. Заңға бағынам. Бірақ маған тағылған айыппен келіскен емеспін, келіспеймін де. Тағы да қайталаймын, барлығы құдайға шүкір аяқталды. Енді бұдан былай бұл ақпарат жөнінде сұрақтар қоймасаңыздар болады. Осы жерден өзім нүктесін қояйын. Айтарым осы. Аман болыңыздар", – дейді Алмас Кішкенбаев.
Еске салсақ, бұған дейін интернетте белгілі әнші Алмас Кішкенбаев полицияға жеткізілгені туралы ақпарат пайда болған.
Ақпаратқа Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
Кейін Алмас Кішкенбаевтың ісі сотқа жіберіліп, әншіге қатысты қатысты ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігімен ("Ұсақ бұзақылық") іс қозғалған.
Іс жабық түрде қаралып, ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулікке қамауға алынды.