ҚР Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Теміртау қаласының әкімі болып бұған дейін Балқаш қаласын басқарған Ораз Қайсайұлы Тәуірбеков тағайындалды, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі.
Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, жаңа әкімнің кандидатурасын ұсынды. Депутаттар үміткерді бірауыздан мақұлдады.
Теміртау қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Бегімов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.
Жеңіс Қасымбек оған атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.
– Біз сіздермен бірге қала өмірін жақсарту үшін көп жұмыс атқардық. ЖЭО-2-де 7-ші қазандықтың құрылысы басталды. Бұл маңызды жоба, оны іске асыру қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету жүйесін жақсартады. Үшінші жылу магистраліне күрделі жөндеу жүргізілуде. Екі жыл ішінде мыңға жуық жарықтандыру тіректері орнатылды. Қала көшелері мен Ақтау кенті абаттандырылды, – деді Қайрат Бегімов. – Әрқайсыңызға бірлескен жұмыс үшін алғыс айтамын!
Ораз Тәуірбеков оған жүктелген сенімді ақтауға уәде берді.
– Тарихы мен дәстүрі бай ірі өнеркәсіптік қаланың әкімі лауазымына тағайындалуым – мен үшін үлкен құрмет. Жаңа орында жүктелген міндеттерді орындау үшін барлық білімім мен тәжірибемді қосамын, – деді ол.
Жеңіс Қасымбек жаңадан тағайындалған әкімнің алдына бірқатар міндеттер қойды.
– Қаланың тұрақты жылумен қамтылуы тұрғындарды қатты алаңдатады. Жаңа № 7 қазандықты орнату мәселесін ерекше бақылауда ұстаңыз. Жылыту маусымының дайындығы мен өтуі ерекше бақылауда, – деп атап өтті өңір басшысы. – Теміртаулықтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау басымдыққа айналуға тиіс. Мысалы, жақсы балабақшалар, мектептер, емханалар, ауруханалар, сапалы жолдар, жайлы көшелер мен саябақтар, гүлзарлар, экология мәселелері.
Ораз Тәуірбеков мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Салық қызметі органдарында жұмыс істеген. Онда инспектордан басшыға дейінгі мансап жолын өткен. Қарағанды Салық комитетін басқарды, кейін Қарағанды облысы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары, Павлодар облысында, Астанада басшы болды.
ҚР көлік, коммуникация және туризм министрлігінің «Қазақтеңізкөлікфлоты» Ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясының басқарма төрағасы болып жұмыс істеді.
Ірі коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
ҚР Қаржы министрлігінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген. Қарағанды облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі болды. Қарағанды облысының экономика басқармасын басқарды. 2019 жылғы шілдеден бастап қазіргі уақытқа дейін Балқаш қаласының әкімі болды.