Қарағанды облысының әкімдігінде су тасқынына дайындық мәселесі талқыланды

Қарағанды облысының әкімдігі

Биыл көктем ерте басталады деп күтілуде. Қарағанды облысында 15 наурыздан бастап ауа температурасы нөлден жоғары болады деп болжануда. Өңірде су тасқыны кезеңіне алдын ала дайындала бастады және алдын алу шаралары қабылданды. Қазір басты міндет – қарды уақытылы шығару.

Су тасқынына дайындық мәселесі өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен ТЖ комиссиясының отырысында талқыланды. Кеңеске ТЖД, полиция, басқа да уәкілетті органдардың басшылығы қатысты. Қала және аудан әкімдері жағдай туралы баяндады.

«Қазгидромет» МКК филиалының талдауы ұсынылды. Биыл топырақтың күзгі ылғалдану деңгейі нормадан жоғары, бірақ облыс аумағының басым бөлігінде қату тереңдігі өткен жылмен салыстырғанда төмен.

Облыстық ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев бүгінгі таңда облыста миллион текше метрден астам қар шығарылғанын хабарлады. Сондай-ақ, су бұру орларын қазу, каналдар мен арықтарды, су өткізу құбырларын тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Полиция санитарлық нормалардың сақталуын қадағалауда, тәртіп бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар ресімделеді.

Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларында санитарлық су ағызу секундына 10–15 текше метрге дейін артты. Алдағы уақытта көлем өсуі мүмкін. Бұл өзен арналарын шаю және тасқын суды қабылдауға болатын бос орын дайындау үшін қажет.

Ермағанбет Бөлекпаев гидроқұрылыстарды бақылаудың маңыздылығын атап өтті. Ол қарды жедел шығару жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

– Қар шығару – бұл тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, барлық кәсіпорындардың, ұйымдар мен бизнестің жауапкершілігі. Естеріңізге сала кетейін, бірлесіп әрекет ету керек – тек осылай ғана ауыр зардаптарға жол бермейміз, – деп атап өтті облыс әкімі.