Жетісу облысында жолдың екі бөлігін су шайып кетті

stan.kz

Жетісу облысының Ақсу ауданында көктемгі тасқын салдарынан автожолдың екі бөлігін су шайып кетті. Жергілікті билік жолдарды шұғыл қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Жергілікті блогерлер оқиға орнында түсірілген видео жариялады. Видео авторы көлік жүргізіп келе жатып су өткізу құбырының үстіндегі асфальттің бұзылғанын көрсетті. Айтуынша, видео Ақсу ауданындағы Ақсу-Ойтоған тас жолында түсірілген. 

Болған жағдайдан кейін Ақсу ауданы әкімдігі ресми парақшасында арнайы техниканың көмегімен екі нысанда да қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы үш видео жариялады.

“Облыстық маңызы бар Ақсу-Ойтоған ауылдарының арасындағы автомобиль жолында орналасқан көпірді күннің күрт жылынуына байланысты қар суы шайып кетті. Қазір жол қозғалысы шектелді, мамандар көпрді қалпына келтіру үшін жұмыс істеп жатыр”, – делінген хабарламада.

Кейін Ақсу әкімдігі Б.Сырттанов ауылдық округіндегі Қопа ауылының кірме жолы қалпына келтіріліп, жол қозғалысының реттелгенін мәлімдеді. 

Сондай-ақ, әкімдіктегілер көлік жүргізушілерін қалпына келтірілген жолдармен өткенде абай болуға шақырды.