Беларусь кәсіпорындары Қарағанды облысымен тығыз жұмыс істеуге ниетті. Өңіраралық ынтымақтастықты дамыту үшін Қарағандыға Гомельден делегация келді. В2В форматындағы бизнес-кездесу Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында өтті.
– Қарағанды облысы халықаралық серіктестікті белсенді дамытуда. Беларусь біз үшін ынтымақтастықтың стратегиялық бағыттарының бірі. Біз тамақ өнеркәсібі, машина жасау, химия және агроиндустрия салаларындағы бірлескен жобаларға шынайы қызығушылықты көріп отырмыз, – деп бастады кездесуді Қарағанды облысының Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев.
Беларусь тарапынан Гомель облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Ксения Пантюхова сөз сөйледі.
– Қарағанды бізді өнеркәсіптік және инвестициялық тартымды өңір ретінде таң қалдырды. Бүгін басталған диалог нақты келісімшарттар мен өзара тиімді бастамаларға алып келетініне сенімдімін, – деп атап өтті делегация өкілі.
Беларусь делегациясының құрамына ірі кәсіпорындардың басшылары – «Гомсельмаш», «Гомель химия зауыты», «Спартак», «Гомель ет-сүт компаниясы» және т. б. кірді.
Келіссөздер нәтижесінде бірқатар келісімдерге, коммерциялық шарттар мен ниеттер туралы хаттамаларға қол қойылды. Атап айтқанда, Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы мен БелАКП Гомель бөлімшесі келісімге қол қойды. «Гомель-Ратон» АЭА мен «Сарыарқа» АЭА өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.