BANNER

Биыл Теміртауда кезекте тұрғандарға арналған төрт үй салынады

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Теміртауда 320 пәтерлік төрт үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа әлеуметтік тұрғын үй кезекте тұрғандарға беріледі.

Үйлердің бірі 9-шы шағын ауданда салынып жатыр. Оның құрылысы 2019 жылы басталды. Үшінші қабат қалана бастағанда, жарықшақ пайда болды. Сот шешімі бойынша техникалық сараптамадан кейін үй бұзылды. Құрылысқа жұмсалған барлық қаражат бюджетке қайтарылды.

– Түзетілген жоба бойынша өткен жылы жаңа 5 қабатты үйдің құрылысы басталды. Іргетасын нығайттық. Қазір жақтау дайын, ішкі желілер тартылуда, ішкі әрлеу және шатыр салу жұмыстары жүріп жатыр. Әрі қарай көрші үймен ортақ аумаққа асфальт төселеді. Балалар алаңы мен шағын сәулет нысандары орнатылады, жарықтандыру жүргізіледі, – дейді Теміртау қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Нұржас Жақытай.

Мамыр айының соңында 50 пәтерлік үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда.

4а орамда бір құрылыс алаңында бірден үш үй – 60, 90 және 120 пәтерлі үй салынады. Үйлердің бірінде мердігер кестеден кеш қалып келеді. Қосымша күш тарту туралы шешім қабылданды. Жаздың соңында үйлерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жүріп жатыр. Үй маңындағы аумақты абаттандыруға қаражат салынды.

– Төрт үйдің барлығы төртінші деңгейлі жайлылыққа сай салынуда, – деп нақтылады Нұржас Жақытай. – Бұл дегеніміз, адамдар бірден кіріп, өмір сүре алады. Жаңа үйлердегі пәтерлер жалға беріледі, олар халықтың әлеуметтік осал топтарына табыс етіледі.