Мәжіліс алаңында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов самокат пен велосипедшілерге қатысты заңды қатаңдату жоспары туралы айтты, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Журналистер самокат жүргізушілері тыйымға қарамастан жаяу жүргіншілерге арналған жолда жоғары жылдамдықпен жүретінін айтты. Соның салдарынан қарапайым жаяу жүргіншілер зардап шегіп жатқанын жеткізді.
"Қазір самокат жүргізушілерімен жұмыс жүргізіліп жатыр. Әділет министрлігі жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының алаңында бірқатар қосымша түзетулер дайындап жатырмыз. Оның ішінде шетелдегідей енгізу туралы ұсыныс бар. Біз Швейцарияның тәжірибесін зерттедік. Самокаттарда ғана емес, велосипедтерде де мемлекеттік нөмірлер бар. Сондықтан елімізде бұл бағытта нормативтік жұмыстар жүргізіліп жатыр", – деді Әділов.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мопедтерді пайдаланудың жаңа ережелері күшіне енген еді. 5 сәуірден бастап қазақстандықтар мопедпен жүру үшін келесі құжаттар мен рәсімдерді жасауы қажет болған:
- полицияда тіркелу;
- A1, A немесе B санатындағы жүргізуші куәлігі;
- техникалық байқау;
- азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру.
Тіркелу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына келесі құжаттармен хабарласу қажет:
- жеке куәлік (электрондық түрде болады);
- техникалық құжат немесе мопедтің сипаттамалары.