«Кітапхананың түнгі әлемі»: Теміртауда ерекше форматтағы кеш өтті

фото автордан

Ұлттық кітап күніне орай Теміртау қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 18 сәуір күні «Кітапхананың түнгі әлемі» атты ерекше мерекелік кеш ұйымдастырылды.

Оқырман мен кітап арасындағы байланысты жаңа форматта нығайтуды мақсат еткен бұл кеш дәстүрлі түрде 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Игі шараның басты мақсаты – тұрғындарды кітапханаға тарту, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және рухани байлықты дәріптеу.

Кеш барысында орталық кітапхананың оқу залында «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі» атты кең көлемді кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Түрлі жанр мен тақырыптағы әдебиеттер оқырман назарына қойылып, еркін форматта таныстырылды.

1

Сондай-ақ, бұл кеште келушілер бір ғана кітап оқу аясымен шектелмей, әдебиет пен өнердің тоғысқан алаңына айналған бірнеше шығармашылық аялдамаларға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Олардың қатарында:

- «Поэтикалық фуршет» – поэзияны ерекше форматта танытқан аялдама; 

- «Библиокафе» – әдебиет пен дәм үйлесім тапқан кеңістік;

- Шеберлік сағаттары – аквагрим, оригами, пасха жұмыртқаларын бояу сынды шығармашылық бағыттағы шеберлік дәрістері; 

- «Ойын алаңы» – Бес асық, Монополия, Библиолото, өлкетану ойындары, Твистер сынды интеллектуалдық әрі танымдық ойындар ұйымдастырылды; 

- «Әуенді тап» – музыка мен кітап әлемін ұштастырған көңілді викторина.

«Кітапхананың түнгі әлемі» кеші – бұл тек кітаптар туралы шара емес, бұл – мәдениет пен шығармашылықтың, ұлттық құндылық пен заман талабына сай креативтіліктің тоғысқан кеші.