Қаскелеңде кәмелетке толмаған қыздар арасындағы төбелеске қатысқандар анықталды

Фото: видео скрин

Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы колледждердің бірінде оқитын қыздар топ болып арасындағы бір бойжеткенге қол көтерген сәті түсірілген бейнежазба желіде таралды. Бұған қатысты облыстық полиция департаментінің өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

"Оқырманымыз бізге видео жіберіп, Қаскелеңдегі кәсіптік-техникалық колледж студенттері өз қатарласын аяусыз ұрғаны туралы мәлім етті. Алматы облыстық полиция департаментінен осы ақпаратты тексеруді сұраймыз", - делінген видео сипаттамасында.

Артынша облыстық ПД бейнежазбаға қатысты түсінік беріп, оқиғаның Қарасай ауданында болғанын растады.

"Қарасай ауданының полицейлері көп кешікпей білім беру мекемесінің бірінде 24 сәуірде болған оқиғаға қатысқандардың бәрін анықтады.

Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеудегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Жасөспірімдерге профилактикалық шара қабылданып, заңға қайшы әрекеттердің салдары түсіндірілді", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ ішкі істер органдары білім беру ұйымдарында құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша кешенді шара қабылдауды жалғастыратынын мәлімдеді. Елде кәмелетке толмағандар арасындағы заңға қайшы әр фактінің қатаң түрде алды алынып, кінәлілер заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылатынын ескертті.