Қазақстанда жеке тұлғалардың депозиттеріне шектеу енгізілмек

Фото: baq.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов жеке тұлғалардың депозиттеріне шектеу енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы агенттік өкілі сенаттағы дөңгелек үстелде айтты. Оның айтуынша, жеке тұлғалардың мерзімді және жинақ салымдарының жиынтық мөлшеріне шектеу енгізу жоспарлануда – ол 10 миллион теңгеден аспауы тиіс. Бұл шектеу жарғылық капиталы кемінде 10 миллиард теңге болатын базалық лицензиясы бар банктерге қатысты болмақ.

Біз банктердің депозит тартудағы тәуекелдерін шектеуді ұсынып отырмыз. Заңды тұлғаларға қатысты ешқандай шектеу қойылмайды. Ал жеке тұлғалардың депозитінің ең жоғары мөлшерін 10 миллион теңгемен шектеуді ұсынамыз. Өйткені жеке тұлғалар – әлеуметтік жағынан банктердің ең осал клиенттері. Ал депозит – банктің міндеттемесі. Сондықтан осы міндеттемелердің көлемін шектеуді ұсынамыз, – деді Олжас Қизатов сенаттағы брифингте.