Жезқазғанда адамды пышақтап, мәйітін қоқысқа тастағандар 20 жылға сотталды

Pixabay

Жезқазғанда адамды пышақтап өлтіріп, мәйітін қоқысқа тастағандар 20 жылға сотталды. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі  Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 
Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилер алқасының қатысуымен аса ауыр қылмыс жасаған екі азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Екі айыпталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 3 және 7-тармақтары "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, дәрменсіз күйдегі адамды өлтіру" бойынша жауапқа тартылды.
Сот тергеуінде анықталғандай, 29 қаңтарда Жезқазғандағы пәтерде алкогольдік ішімдік ішкен үш азаматтың арасында жанжал туындаған.
Қатты мас күйде болған жәбірленушіні екеуі пышақтап өлтірген. Олардың бірі жәбірленушінің басы мен кеуде тұсына бірнеше рет пышақ сұқса, екіншісі мойын тұсына соққы жасаған. Қылмыстық әрекетті жасыру үшін мәйітті бөлшектеп, көрпеге орап, қоқыс контейнеріне апарып тастаған. Сот процесінде ұсынылған дәлелдер, сараптамалар мен заттай айғақтар нәтижесінде айыпталушылардың кінәсін толық дәлелденді.
Прокурор екі сотталушыны да өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда алқабилер алқасының айыптау үкімі негізінде әрқайсысына қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтеу үшін 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, оның пайдасына әрқайсысынан 5 миллион теңге моральдық зиян, 535 995 теңге материалдық залал өндірілді.
“Сотталушылардың әрекеттері ерекше қатыгездікпен жасалған. Олар қылмысты мас күйінде, дәрменсіз адамға қатысты жасаған. Бұл – ауырлататын мән-жайлар. Алқабилер үкімі негізінде қатаң жаза тағайындалды”, – деп жазылған сот хабарламасында.