Мәжіліс депутаттары сарбаздардың тыныс-тіршілігімен танысты

ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі

2025 жылдың шілде айының басында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шапақ Унзила Шапаққызы мен Адамбеков Тілектес Серікбайұлы Ұлттық ұланның “Орталық” өңірлік қолбасшылығына қарасты 5516 және 5451 әскери бөлімдеріне жұмыс сапарымен келді.

Халық қалаулылары бөлімдердің инфрақұрылымымен жан-жақты танысып, казарма, асхана, монша және санитарлық-гигиеналық нысандарды аралады. Сапардың басты мақсаты – әскери қызметшілердің күнделікті қызметі мен тұрмыс-тіршілігіне назар аударып, олардың ұсыныстары мен мәселелерін көзбен көріп, құлақпен есту.

Кездесу барысында Унзила Шапаққызы мен Тілектес Серікбайұлы сарбаздармен еркін әрі ашық диалог құрып, олардың әскери қызметке көзқарасын, ұсыныстарын, сондай-ақ болашақ жоспарларын тыңдады. Жас сарбаздар өз кезегінде қызмет барысында жинаған алғашқы әсерлерімен бөлісіп, отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінетіндерін жеткізді.

Депутаттар еліміздегі қорғаныс саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы айтып, болашақта әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған заңнамалық бастамалар мен реформалар жайында ақпарат берді.


Өз кезегінде Унзила Шапаққызы Ұлттық ұланның қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ерекше рөліне тоқталып, болашақ офицерлер мен сарбаздарға сәттілік тіледі.

Сапар соңында Мәжіліс депутаттары әскери бөлімдердің жеке құрамына адал қызмет пен тәртіп үшін алғыс айтты.