Қостанайда туристік агенттік қылмыстық іс қозғалса да, жалған жолдамаларды сатуын жалғастырған

Фото: Istock.com

Қостанайда бірнеше адамға жалған туристік жолдама сатқан адам сотталды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

 

Қостанай қаласының №2 сотында алаяқтық, яғни екі және одан да көп адамға қатысты ірі мөлшерде жасалған бөтеннің мүлкін алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бірнеше рет ұрлағаны үшін В-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

“2024 жылы ақпаннан 2025 жылы қаңтарға дейінгі кезеңде сотталушы туристік жолдамаларды сататын жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп, ірі мөлшерде ақша ұрлаған. Жыл бойы сотталушының қолынан 70 жәбірленуші зардап шекті, оларға жалпы сомасы 65 миллион теңгеден астам залал келтірілген”, – делінген хабарламада.

 

Сотта сотталушы В кінәсін мойындамады.

“Сотталушының жеке басын, жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, қылмыстық құқықбұзушылық ұзақ уақыт бойы жасалғанын және оған материалдық залал өтелмегенін ескерді. Сот В-ны туризм саласында 6 жылға қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті”, – деп мәлімдеді сот.

Алайда ол рақымшылыққа ілігіп, бас бостандығынан айыру мерзімі бестен бір бөлігіне қысқартылып, 4 жыл 9 ай 18 күн бас бостандығынан айыру жазасы айқындалды.

Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.