Әйел жүкті екенін білген күні 17 сағаттан соң босанды

Фото: freepik.com

Ағылшын әйел Шарлотта Саммерс жүктілігін растағаннан кейін бар болғаны 17 сағаттан соң дені сау ұл бала дүниеге әкелді. Таңғаларлығы — ол босанғанға дейін жүкті екенін білмеген, деп хабарлайды life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Шарлотта өзін жайсыз сезініп, глютенге, яғни бидай, арпа, қара бидайда болатын ақуызға ағзасы дұрыс жауап бермей жатқанын байқаған. Сол себептен дәрігерге тексерілуді шешкен. Алайда дәрігер оған күтпеген жерден жүктілікке тест тапсыруды ұсынған. Нәтиже оң болып шықты. Алғашында тіпті дәрігер де жүктіліктің алғашқы кезеңі деп ойлаған.

Алайда сол күні жасалған жоспардан тыс УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу) нәтижесі оның жүктілігі 38 аптаға жеткенін анықталды.

Сонымен қатар дәрігерлер плацентада (жатырдағы нәрестеге қорек жеткізетін мүше) мәселе барын байқап, босануды жасанды түрде бастауға шешім қабылдаған. Ауруханаға жеткізілген соң Шарлотта көп ұзамай ұлды болды.

Шарлотта жүктіліктен қорғайтын дәрілерді (контрацептивтерді) ішіп жүрген. Сондықтан жүкті боламын деп ойламаған. Сонымен қатар етеккір сияқты қан кетулер болып тұрған. Ал плацентаның алдыңғы қабырғада орналасуы іште өсіп жатқан баланың қимыл-қозғалысын сезбеуге себеп болуы мүмкін.

Қазір Шарлотта мен оның серігі ата-ана болу бақытын сезініп жүр. Жас ана өзінің де, сәбиінің де жағдайы жақсы екенін айтып отыр.