Қазақстанда соңғы төрт жылда мұғалімдердің жалақысы екі есеге артты

Aqorda.kz

Тәуелсіздік сарайында өткен Республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы жетістіктерге тоқталып, ұстаздарға жасалып жатқан қолдау шараларын атап өтті. Президенттің айтуынша, соңғы төрт жылда елімізде мұғалімдердің орташа жалақысы екі есе өскен. Бұл – ұстаздардың әлеуметтік мәртебесін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.

– «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім» деген. Біз өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек. Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту – әрдайым басты назарда», – деді Мемлекет басшысы.

2019 жылдан бері білім беру саласының бюджеті үш есеге артты. Осы кезеңде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 жаңа мектептің құрылысы жоспарланып, қазіргі таңда олардың 128-і салынды. Сонымен қатар, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 60-тан астам мектеп ашылып, тағы 30 шақтысының құрылысы жүріп жатыр.

Президент сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылданғанын, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағының енгізілгенін, бүгінде 74 мұғалім бұл марапатқа ие болғанын атап өтті. Былтыр 2 ұстазға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.

Бүгінде 500 мыңнан астам мұғалімге үстемақы төленуде. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы арқылы 332 педагог мектеп директоры болып тағайындалды. Сонымен қатар, мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық шаруалардан босатылды.

Мемлекет басшысы білім беру саласын қолдау алдағы уақытта да мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін айтты.

Дереккөз: Aqorda.kz