Мемлекет басшысы: «Ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия»

Aqorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясында білім беру саласының ел дамуындағы рөліне ерекше тоқталып, ұстаздардың қоғам алдындағы миссиясын жоғары бағалады. Президенттің айтуынша, білім мен ғылым – Қазақстанның жарқын болашағын айқындайтын басты фактор.

«Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Алдағы жылдары осы міндетті орындауға бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Бұл – Мемлекет басшысы ретінде мен үшін мызғымас басымдық», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздықты жай мамандық емес, ұлы миссия деп атап өтті. Оның айтуынша, мұғалімдердің еңбегі – тұтас ұлттың тәрбиесі мен болашағы үшін аса маңызды.

«Сіздер жас ұрпаққа білім ғана емес, бағыт беріп отырсыздар. Қазақстанның жарқын келешегі сіздердің табанды еңбектеріңізге тікелей байланысты», – деді ол.

Президент Тамыз конференциясы аясында бірқатар педагогке мемлекеттік награда тапсырылғанын мәлімдеді. Бес мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.

«Сіздердің еңбектеріңіз ең жоғары құрметке лайық. Жаңа оқу жылы табысты болсын!» – деді Мемлекет басшысы.

Дереккөз: Aqorda.kz