Қарағандылықтарға туған қаласына импрессионист суретші Олег Дроздовтың көзімен қарауға мүмкіндік беріледі

Gov.kz

Бүгін, 19 қыркүйекте, «Алтын ғасыр» галереясында «Қайырлы кеш» атты жеке көрме ашылады. Экспозицияда Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қарағанды қаласының тумасы, танымал қылқалам шебері Олег Дроздовтың туған қаласына арналған туындылары ұсынылады.

Олег Дроздов – өз қаласын ерекше сүйетін суретші. Ол Қарағандыны жылдар бойы суреттеп келеді және жиі белгілі-бір аймақтарға қайта оралады. Бұл кеңістіктер оның туындыларында қайталанып көрініс табады, алайда әр картинасында көңіл күй мен бейне мүлде өзгеше. Бұған ауа райы, тәуліктің әр сәті мен автордың ішкі жан дүниесі ықпал етеді.

Суретші импрессионизм бағытына тән мәнерде жұмыс істейді. Бұл стиль қалалық кеңістіктің динамикасын, көңіл ауанын сезімталдықпен жеткізуге мүмкіндік береді.

– Олег Дроздовтың жұмыстары – импрессионистік сипаттағы, экспрессияға толы: батыл әрі серпінді қылқалам ізі, қанық, айқын бояу палитрасы, ерекше стилистика. Бұл тек қалалық пейзаж ғана емес, сонымен бірге қаланың рухы, ішкі күйі – қарбалас, қайшылыққа толы, шулы орта. Суретшінің шығармашылығында Михаил Булгаковтың әдеби әлемінен шабыт алған картиналар да айрықша орын алады – «Булгаков мотиві», «Жаман пәтер». Бұл туындыларда гротеск пен ирония, декаданстық сарын сезіледі. Қалалық адамның бейнесі, оның ішкі осалдығы мен бетпердесі осы картиналар арқылы ашыла түседі, – делінген көрмеге арналған аннотациялық мәтінде.

Көрменің ашылуы 19 қыркүйек күні сағат 16:00-де өтеді. Экспозиция 2 қазанға дейін жалғасады. Кіру – тегін.

«Алтын ғасыр» галереясы Қарағанды қаласы, Комиссаров көшесі, 35а мекенжайында орналасқан. Галереяның жұмыс уақыты – 10:00-ден 18:00-ге дейін.