Астана – Теміртау бағытындағы автожолда пайда болған түрлі-түсті жарықтар көлік жүргізушілерін таңғалдырды. Бұл құбылыстың мән-жайын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы түсіндіріп берді. Жол-көлік қауіпсіздігін арттыру мақсатында мұнда инновациялық лазерлік ескерту жүйесі пилоттық режимде сынақтан өткізілуде.
Құрылғы республикалық маңызы бар автожолдың 1402-шақырымында, Ошағанды ауылының маңында орнатылған.
– Жүйе түнгі уақытта жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға арналған. Ол жарық сигналдарын тікелей жүргізушінің көру алаңына проекциялайды. Бұл жүргізушіге қауіпті жағдайларға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді және шаршау, назардың төмендеуі мен шектеулі көрініс салдарынан болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға көмектеседі, – деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» компаниясы.
Мұндай технология Қазақстанда алғаш рет қолданылып отыр.
– Жүйені әзірлеушілердің мәліметінше, жүргізушілер лазерлік жарық сызықтарына дәстүрлі жол белгілеріне қарағанда бірнеше есе жылдам реакция береді. Бұл жүйе енгізілген шетелдік жол учаскелерінде апаттылық деңгейі 40–50 пайызға дейін төмендеген, – делінген компания таратқан хабарламада.