Қарағандыда Қарқаралы ұлттық табиғи паркін тұрақты дамытуға арналған дөңгелек үстел өтті.
Шарада қатысушылар өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтай отырып, туризм мен жергілікті экономиканы үйлесімді дамыту жолдарын талқылады. Кездесуді Қарқаралы ұлттық паркі БҰҰ Даму бағдарламасының (ПРООН) Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Парк директоры Руслан Төлепбаев атап өткендей, Қарқаралы ұлттық паркі 112 мың гектардан астам аумақты қамтиды. Мұнда 700-ден астам өсімдік түрі өседі, олардың бірқатары Қызыл кітапқа енгізілген. Сондай-ақ онда аң-құстардың жүздеген түрі тіршілік етеді.
– Қарқаралы ұлттық паркі – еліміздің табиғи байлығы мен мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Табиғатты қорғау мен дамыту ісі тек мемлекет, бизнес және қоғам күш біріктіргенде ғана нәтижелі болады, – деді Руслан Төлепбаев.
Биыл парктің инфрақұрылымын нығайтуға да айрықша көңіл бөлінген. Төрт модульді орман өртін сөндіру станциясын салуға қаржы бөлініп, паркке сегіз жаңа өрт сөндіру көлігі сатып алынды. Орман қорын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда – биылғы көктемгі маусымда 200 мыңнан астам көшет егілді.
БҰҰДБ сарапшылары ұлттық парктерде күн электр станцияларын орнату және тамшылатып суару жүйесін енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті. Бұл технологиялар табиғи ресурстарды үнемдеп, экологиялық жағдайды жақсартуға септігін тигізеді.
– Ұлттық парктерде күн энергиясын және заманауи экологиялық технологияларды кеңінен қолдану қажет. Бұл табиғатқа түсетін салмақты азайтып, жергілікті қауымдастықтардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді БҰҰДБ сарапшысы Айман Омарбекова.
Сондай-ақ Kazakh National Parks компаниясының өкілдері визит-орталықтар мен экологиялық соқпақтарды дамытудағы тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу соңында ұлттық парк, өнеркәсіптік кәсіпорындар және үкіметтік емес ұйымдар арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қатысушылар бірлесіп экотуризмді дамыту және табиғатты қорғау бағытындағы жобаларды іске асыруға уағдаласты. Бұл бастамаға «Qarmet» АҚ, Atlant Building, «Табиғат» қауымдастығы және өзге де серіктестер қосылды.
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша