Балқашта туристерге арналған алғашқы визит-орталық ашылды

gov.kz

Туризмді дамыту – өңір экономикасының өсуіне серпін беретін маңызды бағыттардың бірі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында ерекше атап өткен еді. Қарағанды облысында туристерді ең көп тартатын аймақтар – Балқаш пен Қарқаралы курорттық өңірлері. Мұнда демалушылар саны жыл сайын артып келеді. Енді Балқашта саяхатшылардың қолайлы демалысы үшін алғашқы визит-орталық өз есігін айқара ашты. Ол өңірдің негізгі туристік ақпараттық орталығына айналмақ.

Visit Balkhash орталығы көрікті жағалауда орналасқан. Мұнда келушілер Солтүстік Балқаш өңірінің табиғи және мәдени нысандары туралы толық мәлімет ала алады. Бектау ата таулы аймағының сұлулығы мен тораңғы тоғайының бірегей табиғатынан бастап, мұражайлар мен тарихи орындарға дейінгі бағыттар ұсынылады. Орталық қызметкерлері туристерге сапар бағытын таңдауға, қонақүй не демалыс базасын брондауға, сондай-ақ әйгілі балқаш балығын қайдан дәм татып, кәдесыйларды қайдан сатып алуға болатыны туралы кеңес береді. Мамандар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеді.

Визит-орталықтың басты мақсаты – Балқаш жағалауындағы демалысты барынша жайлы әрі мазмұнды ету. Туристерге арналған негізгі нысандар белгіленген ақпараттық буклеттер әзірленді.

Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, осындай визит-орталық жақын уақытта Қарқаралы қаласында да ашылмақ. Ведомствоның болжамы бойынша, жыл соңына дейін өңірдегі ішкі туризм көлемі 450 мың адамға, ал шетелдік келушілер саны шамамен 40 мың адамға жетеді.