Қарағанды облысында қосымша білім беру саласына ерекше мән берілуде. Негізгі басымдық – STEM-жобаларды енгізу, шахмат пен футболды дамыту, экологиялық тәрбиені күшейту және оқушылардың кәсіби бағдарын жетілдіру бағыттарына берілген. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Қарағанды облысы әкімдігі сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде атап өткендей, «STEM-білім беруді енгізу» жобасы өткен жылы іске қосылып, 2025 жылдың желтоқсанына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде өңірде 26 жаңа STEM үйірмесін ашу, 43 үйірмені жаңарту, оқу кабинеттерін заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, педагогтерді даярлау және 7 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, «Білімдегі шахмат» жобасы да сәтті жүзеге асырылуда. 2022 жылы небәрі бес мектепте бастау алған жоба бүгінде 69 білім беру ұйымында енгізілген.
Қарағанды қаласындағы №12, №33 мектептері мен Абай атындағы гимназияда «Жасыл мектеп» жобасы іске асуда. Оның мақсаты – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және табиғатқа ұқыпты көзқарас дарыту. Болашақта мұндай эко сыныптарды қаладағы басқа да мектептерде ашу жоспарланып отыр.
Өңірде жоғары сынып оқушыларының кәсіби бағдар беру жүйесі де белсенді дамуда. Бүгінде облыста сұранысқа ие бағыттар бойынша – медицина, педагогика, экология, агроөнеркәсіп, IT және құқық салаларында – 200-ден астам бейінді сынып жұмыс істейді. Ал осы жылдың қыркүйегінен бастап тағы 126 жаңа бейіндік сынып ашылды. Олардың ішінде құрылыс, тігін және дәнекерлеу ісі, металлургия, медиа және басқа да бағыттар бар.
Оқушылардың болашақ мамандығын таңдауға көмек көрсету мақсатында «ProfiWay» атты жаңа электрондық платформа іске қосылмақ. Ол арқылы оқушылар мен ата-аналар өңірдегі сұранысқа ие мамандықтар мен оқу орындары туралы өзекті ақпаратқа қол жеткізе алады.