Қазақ тілі – ғылым тілі: Қарағанды облысында TED форматында республикалық семинар өтті

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысында қазақ тілін ғылым мен білім тілі ретінде дамытуға арналған TED форматындағы «Ойталқы» республикалық семинары өтті. Іс-шарада еліміздің жетекші ғалымдары, тіл саясаты саласының мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері бас қосты. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Қарағанды облысы әкімдігі сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Семинардың ашылуында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей сөз сөйлеп, қазақ тілін ғылыми және білім беру кеңістігінде ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.

TED форматындағы «Ойталқы» кездесуі қатысушыларға өз ойларымен, жаңа тәсілдерімен және қазақ тілінің даму жөніндегі көзқарастарымен еркін бөлісуге мүмкіндік берді.

Семинар жұмысына әкімдік мамандары мен оқу орталықтарының басшылары, академиялық және IT қауымдастықтарының өкілдері, ұлттық компаниялардың қызметкерлері қатысты.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов «Ғылым тілінің әдіснамасын қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасады. Қарағанды медицина университетінің профессоры Хабира Әбдіқадырова қатысушылардың назарын «Қазақ тіліндегі медициналық терминологияның дамуы: мәселелері мен болашағы» тақырыбына аударды. Ал «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының сарапшысы Талғат Бектұр «Қазақ тілін дамытудағы жасанды интеллектінің қолданылуы» жөнінде баяндама жасады.

Панельдік сессия барысында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оны ғылым, білім және цифрлық технологиялар саласына интеграциялау жолдары талқыланды. Қатысушылар өз тәжірибелерін бөлісіп, сұрақтар қойып, пікір алмасты.

Семинар кәсіби пікір алмасу мен өзара ынтымақтастық алаңына айналып, қазіргі заманда қазақ тілін дамытуға бағытталған жаңа стратегияларды айқындауға жол ашты.

Кездесу соңында мемлекеттік тілді дамытуға ерекше үлес қосқан қатысушыларға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық наградалары мен Қарағанды облысы әкімінің алғыс хаттары табысталды.