Қарағанды облысында мемлекеттік қолдау нәтижесінде өсімдік майы өндірісі артты

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысының ауыл шаруашылығында әртараптандыру қарқынды жүріп жатыр. Өңірдің агроқұрылымдары майлы дақылдардың егіс көлемін ұлғайтып, жергілікті өңдеуші кәсіпорындар өзіміздің шикізатқа бет бұрды. Соның нәтижесінде өңірде тамақ өнеркәсібі дами түсіп, өсімдік майы өндірісінің көлемі едәуір артқан. Бұл үрдіске мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау айтарлықтай әсер етті.

– Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын әртараптандырудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Биыл облысымызда майлы дақылдар егістігінің көлемі екі есеге өсіп, 78 мың гектарға жетті. Оның басым бөлігі – зығыр. Ал 14 мың гектар алқапқа күнбағыс егілді. Бізде қарапайым қағида жұмыс істейді: сұраныс болса, ұсыныс та болады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы және техникалық жарақтандыру бөлімінің басшысы Жамиля Жақсыбекова. – Биыл алғаш рет басым дақылдарды өндіруге арналған субсидиялар енгізілді. Отандық зауыттарға күнбағысты өткізген шаруаларға әр тоннасы үшін 25 мың теңге, ал зығыр үшін 5800 теңге мөлшерінде қолдау көрсетіледі. Қазіргі таңда Осакаров ауданындағы екі шаруа қожалығы осындай субсидия алу үшін өтінім берді.

Жаңа жиналған күнбағыс дақылын Қарағанды ұн комбинаты қабылдай бастады. Күн сайын мұнда күнбағыс дәнін тиеген жүк көліктері келіп, орта есеппен 60 тоннаға дейін өнім түсіріледі.

Алдымен шикізат зертханаға жеткізіледі – бұл сапаны қадағалау бекеті. Лаборант Анна Домбровскаяның айтуынша, толық талдау жүргізу үшін шамамен екі келі дән қажет. Мұнда өнімнің ылғалдылығы, қоспа үлесі және мемлекеттік стандарттарға сәйкестігі тексеріледі, сонымен қатар химиялық сараптама жасалады.

Сапасы расталғаннан кейін дән май цехына жөнелтіледі. Мұнда ол мал мен құс шаруашылығына арналған құрама жемге қосылатын май түрінде өңделеді. Өнімнің негізгі тұтынушылары – құс фабрикалары мен мал бордақылау кешендері. Сонымен бірге комбинат биыл тағамдық майдың жаңа түрлерін – күнбағыс, зығыр және соя майын шығаруды жолға қойған.

– Биыл көктемде өсімдік майын өндіретін жаңа желіні іске қостық. Соның арқасында өндіріс көлемі шамамен бір жарым есеге артты. Біз толықтай отандық шикізатты пайдаланамыз және жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерімен тұрақты серіктестік орнаттық, – дейді өндіріс басшысы Андрей Карпов.

Кәсіпорын да мемлекеттік қолдау тетіктерін белсенді түрде пайдаланып келеді.

Мұның барлығы өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттыруға оң ықпал етуде.