Мемлекеттік қызметті цифрландыру: тиімділік пен ашықтыққа бастар жол

Фото: Life09

Бүгінгі  замануи дәуірде цифрлық технологиялар қоғам өмірінің барлық саласына еніп отыр. Мемлекеттік басқару жүйесінде де бұл үрдіс белсенді түрде жүзеге асуда.

Мемлекеттік қызметті цифрландыру – азаматтарға сапалы қызмет көрсету, ашықтықты қамтамасыз ету және бюрократиялық кедергілерді азайтуға  бағытталған маңызды  қадам болып саналады.

Мемлекеттік қызметті жаңғырту бағыттарының біріне кадрлық үдерістерді толықтай цифрландыру кіреді. Бұл мақсатта  енгізілген – «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі мемлекеттік қызметшілердің еңбек жолын толық электрондық форматта жинап, сақтайды. Бұл қағазбастылықты азайтып,  кадр  процестерін  цифрландыруға септігін  тигізеді.

Қазіргі уақытта  мемлекеттік қызметке кіру  рәсімдері  eqyzmet.gov.kz порталы арқылы жаңа форматта жүзеге асырылуда. Үміткерлер әңгімелесу кезеңінен бөлек, адами фактордың қатысуынсыз, жүйе арқылы екі кезеңнен өтеді. Барлық кезеңдердің қорытындысы негізінде жеңімпаз автоматтандырылған  жүйе  арқылы айқындалуда.

Оған қоса, Президент тапсырмасына сай, «Бірыңғай кадр жүйесі» негізінде мемлекеттік бюджет есебінен қаржыланатын ұйымдардың (квазисекторлар) кадрлық процестері де автоматтандырылып жатыр.
Бұл мемлекеттік органдарға бағынысты квазисекторларда қызмет атқаратын қызметкерлердің еңбек жолын электронды форматқа ауыстыру арқылы заманауи  талаптарға сай қол  жеткізуге  мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметті цифрландырудың тағы бір айқын көрінісі  ретінде – мемлекеттік қызметшілердің заңсыз үстеме жұмысын болдырмау мақсатында  енгізілген қашықтықтан мониторинг жүйесі  болып табылады. Бұл жүйе  «Е-қызмет» жүйесімен интеграцияланған қол жеткізуді басқару жүйесі арқылы іске асады.

Бүгінгі таңда  бұл жүйе Қарағанды облысындағы 187 мемлекеттік органда (40%) орнатылған, оның 86-сы (46%) «Е-қызмет» жүйесімен толық интеграцияланған. Алайда, қаржылық және техникалық себептерге байланысты кейбір органдарда әлі орнатылмаған. Дегенмен, бұл жүйе ашықтық пен тиімділікті арттыруға жол  ашады.

Цифрландырудың тағы бір маңызды бағыты ретінде  – мемлекеттік қызметтерді  электрондық форматқа көшіруді атап  өтуге  болады.

         Бүгінгі таңда облыстың мемлекеттік қызметті көрсетушілерімен электронды  форматта  көрсеткен  қызметтердің  үлесі  98 % құрайды.

Бұл көрсеткіштер азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара
іс-қимылдың негізгі құралы ретінде цифрлық сервистердің орнығып келе жатқанын дәлелдейді.

Мемлекеттік  қызметті цифрландырудың  келесі  кезең ретінде  — жасанды  интеллект  технологияларын   енгізу  арқылы  оның сапасы мен  қолжетімділігін  арттыру  болып есептеледі.

Мәселен, биыл  Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп мемлекеттік қызметшілерге арналған жасанды интеллект дағдылары бойынша  AI  Qyzmet  оқыту  бағдарламасын іске қосты.

AI Qyzmet — цифрлық мемлекеттік басқаруды қалыптастыру жолындағы  маңызды қадам болып саналады.

Өз кезегінде,  бағдарлама мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында жұмыс процестеріне жасанды интеллект құралдарын енгізуге және оның мүмкіндіктерін қолдануға бағытталған.

Оқыту мемлекеттік қызметшінің күнделікті қызметіндегі жоспарлау, ақпаратты өңдеу, презентациялар жасау сияқты жұмыстарда жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану  дағдыларын  қамтиды.

Мұндай әдіске   оқыту  мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып, шешім  қабылдау  үдерістерін  жеделдетуге  мүмкіндік  береді.

Қазіргі уақытта  Қарағанды облысының 1942  мемлекеттік қызметшісі Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы  бойынша  филиалында  цифрлық  сауаттылығын  арттырды.

Қорытындылай келе, «Е-қызмет» жүйесі, жаңа іріктеу форматы, мониторинг жүйесі, көрсетілетін қызметтердің электрондық форматқа көшуі, сондай-ақ,  AI Qyzmet бағдарламасы – мемлекеттік қызметті цифрландыру бағытындағы маңызды әрі заманауи қадамдар болып есептеледі.
         Бұл жаңашылдықтар мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырып, ашықтық пен әділдік қағидаттарын күшейтуге зор мүмкіндік бере алады деп санаймыз.

Мысалы, OECD және  World Bank  деректері бойынша, цифрлық шешімдерді енгізген елдерде мемлекеттік  қызметшілердің  жұмыс  өнімділігі орта есеппен 15-20 %  артқан.

Мұндай  бастамалар арқылы мемлекеттік қызметтің  сапасы мен қолжетімділігі   жаңа  деңгейге  көтеріледі  деп сенеміз.