Қарлы боран, көктайғақ: 11 облыста дауылды ескерту жарияланды

Фото: Canva.com

Бүгін, 5 қарашада еліміздің бірнеше өңірінде ауа райының күрт нашарлайды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап. 

Синоптиктердің дерегінше, бірден 11 облыста қолайсыз метеорологиялық құбылыстар байқалады. Кей аймақтарда тұман, көктайғақ, қарлы боран мен шаңды дауыл күтілсе, оңтүстікте жаңбыр мен тұман басым болады.

Батыс Қазақстан облысында түнде және таңертең тұман түседі.

Қызылорда облысының орталығында да көріну қашықтығын төмендететін тұман күтіледі.

Жамбыл облысында таулы аймақтарда қалың қар жауып, көктайғақ пен тұман орын алады.

Қостанай мен Ақмола облыстарында күндіз төмен қарлы боран соғып, желдің екпіні 20 м/с дейін жетеді.

Маңғыстау облысының оңтүстігі мен батысында шаңды дауыл тұрып, жол қозғалысына кедергі келтіруі мүмкін.

Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында қарлы боран мен көктайғақ күтіледі.

Алматы облысында жаңбыр мен қар аралас жауын жауып, таулы аудандарда қалың қар түспек. Алматы мен Қонаев қалаларында тұман мен көктайғақ болжанған.

Түркістан облысының таулы аудандарында да көктайғақ пен тұман күтіледі.

Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында төмен қарлы боран болуы мүмкін.

Метеорологтар ауа райының мұндай күрт өзгерісі жолдардағы қозғалысқа айтарлықтай әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.

«Қазгидромет» мамандары тұрғындарға жолда аса мұқият болуды, ауа райы болжамдарын үнемі тексеріп отыруды және мүмкіндігінше алыс сапарларды кейінге қалдыруды ұсынады.