Режиссер Айтөре Жолдасқалидің «Ауру» атты фильмі көрерменге жол тартты. Фильм бүгіннен бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетілуде. Қоғамда резонанс тудырған мәселелерді көтерген бұл фильм туралы тілшіміз зерттеп көрді.
Режиссер Айтөре Жолдасқалидің «Zamandas»-қа берген сұхбатында, «Ауру» мықты командалық жұмыс екенін айтты.
«Маған 2023 жылдың қазан айында бір кісі хабарласады. Фильм түсіргім келеді, көмектес деп. Тапсырыс берушілер Қуаныш Бейсекке де хабарласқан. Ол режиссер, продюсер. Қуаныш тапсырыс берушілерге фильмді Айтөре екеуміз жасай аламыз дейді. Олар еш ойланбастан бірден келіседі. Осылай Қуаныш, мен, Алдияр бәріміз бірлесіп жақсы фильм шығардық деп ойлаймын», - деді Айтөре.

Киноға түскен әртістердің барлығы өз ісінің шебері. Басты рөлде Аян Өтепберген мен Дильназ есімді қыз ойнайды.
«Бұл бұрын әзіл секілді көрінетін. Былай қарасаң өтірік ауру болып ақша жинау миға сыймайды, бірақ қазір бұл біздің қоғамның бір мәселесіне айналды. Біз әлемдік киноны қарадық, онда мұндай сценариймен түсірілген фильмдер аз. Содан кейін өз өміріміздегі жағдайларды жинауға кірістік. Мен студент болған кезде, үлкен кісілерге тамақ алып баратынмын. Ол да бір қордың атынан. Сондай бір күні біз бір әженің үйіне бардық. Әжені волонтерлерміз деп алдап, үйіне кірген адамдар ұрып, үйіндегі барын алып кеткен. Осыған ұқсас жағдайлар жетерлік», - деді Айтөре Жолдасқали.
Фильмнің сценарийі бойынша жас отбасы үлкен қарыздан, несиеден құтылу мақсатында халықтан ақша жинайды. Жұбайын өтірік ауру ретінде халыққа көрсетіп, миллиондаған қаражат алады. Жас отбасы фильмнің сценарийі бойынша, мұнымен тоқтап қалмай ақшаға құнығып кетеді. Фильмінің шарықтау шегінде олар үлкен проблемаларға тап болады... Әрі қарай не болғанын, Қазақстанның барлық кинотеатрларынан көре аласыздар.
Автор: Ақсая Жалғас