«Диля» би ансамблі: Қытайдан жеңіспен оралған жас бишілер

Фото: Life09

Жақында Қытайда балалар арасындағы би өнерінің ең ірі байқауларының бірі – «China Fest» фестивалі өтті. Бұл байқауға Алматы қаласында өткен халықаралық конкурсқа қатысып, үздік өнер көрсеткен «Диля» би ансамблі шақырту алған болатын. Ансамбль жетекшісі, хореограф Нұргүл Терлікбаева алты ай бойы шәкірттерін байқауға тыңғылықты дайындаған. Ол тек би қимылдарын үйретіп қана қоймай, балалардың өз күшіне деген сенімін арттыруға, рухын көтеруге де ерекше көңіл бөлген.



«Байқауға қатысатын балаларды таңдау оңай болған жоқ. Әр бала талантты, еңбекқор және өз ерекшелігімен көзге түсті. Солардың ішінен бес үздік оқушы іріктеліп, халықаралық сахнаға жол тартты. Нәтижесінде олардың әрқайсысы жүлделі орындарға ие болды», - дейді Нұргүл ханым.

 

Қытайдағы байқауда тек шәкірттер ғана емес, ұстаздардың еңбегі де лайықты бағаланды. 17 хореографтың ішінен үздік үш маманға «Қайраткер ұстаз» төсбелгісі табысталды. Солардың ішінде алғашқы болып марапат алған - Нұргүл Терлікбаева.

Нұргүл ханым би әлеміне үш жасынан бастап қадам басқан. Уақыт өте келе бұл өнер оның өмірінің бір бөлігіне, басты кәсібіне айналды. Өнерге деген шынайы сүйіспеншілігі оны Жүргенов атындағы өнер академиясына жетелеп, қазір жас буынға тәжірибесін үйретіп, ел намысын халықаралық деңгейде қорғап жүрген хореографтардың бірі болды.


 

«Қазіргі таңда Қазақстанда би өнері қарқынды дамып келеді. Әр өңірдің өз мектебі, өз стилі қалыптасып жатыр. Дегенмен кейбір байқауларда қазылар тек көзге көрінетін сән мен синхрондылыққа мән беріп, бидің терең мәні мен тарихын ескере бермейді», - дейді Нұргүл ханым.

 

Хореографтың айтуынша, нағыз би - бұл жүрекпен сезілетін өнер. Сондықтан да ол өзінің шәкірттеріне тек қимылдың әдемілігін ғана емес, шынайы өнерге деген сүйіспеншілікті сіңіруге тырысады.

Life09 ақпарат агенттігі

Айдана Таңатар